«Ессіз үкіметтің құлдары» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті
АЛМАТЫ. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін журналист Федор Яковлевич Осадчийдің «Ессіз үкіметтің құлдары» (Рабы безумной власти) атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тұсауы кесіліп отырған естелік кітабымда, өз көзіммен көріп, жүрегімнен өткізген тоталитарлық жүйенің жан түршігерлік қанды машинасының тарихи шындықтарын ашық жаздым», дейді автор.
«Бұл кісі Ұлы Отан соғысына қатысып, кейіннен тұтқынға алынып, 10 жылға бас бостандығынан, 5 жыл азаматтық құқығынан айырылған. Тоталитаризм қапасында өмірі қиылған жандардың жанында болып, бастан кешкен қасіретті өле-өлгенше санасында жаңғыртып, сол қорқынышты шындықты бізге жеткізген, азап көрсе де аман қалу бақытына ие болған жан. Сол кездегі құпия болған, белгісіз жайттардың бетін ашты. Бірге болған тұтқын адамдардың сөзіменен, іс-әрекеттеріменен дәлелдей отырып сталинизмнің қылмыстық тұстарын, коммунистердің келеңсіз істерін әшкерелейді», дейді Бейбіт Қойшыбаев, Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының президенті, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.
Аталмыш кітап «Арыс» қорының баспасынан жарық көріп отыр.
Тұсаукесер рәсіміне тарихшылар, баспагерлер және қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары қатысты. Сонымен қатар «Әділет» қоғамының 20-жылдығына арнайы түсірілген «Халықтың қатал драмасы» (авторы және режиссері Гүлжихан Қасымжанова) атты деректі фильм көрсетілді.