08:25, 13 Тамыз 2010 | GMT +5
Естімеген елде көп: швед зообағында кассаны өрмекші мен сарышаян күзетеді
АСТАНА. Тамыздың 13-і. ҚазАқпарат - Стокгольмдегі ашық аспан астындағы Скансен мұражайының Аквариумында ұрлықпен күресудің бірегей әдісі қолға алынып отыр. Кіреберістегі кассадан бірнеше рет ақша ұрланғаннан кейін, Аквариум басшылығы «күзетке» Стинг атты сарышаян мен Имсе атты үлкен өрмекшіні қою турал шешім қабылдаған. Енді әлгі жәндіктер касса аппаратының ішінде ақша күзетіп отыр, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.

«Біздің жаңа «күзетшілер» шақса, ұрылар кассадан алыстау жүретін шығар», - дейді Аквариум директоры Юнас Вальстрём.
Зообақ қызметкерлері бұл жаңалықты тамаша идея деп санайды және «өздері ешкімге тиіспейтін, бірақ біреу тиіссе, аямайтын» сақшылар туралы әңгіме ұрылардың да құлағына жетеді деген үмітте.
«Сарышаян мен өрмекшінің уы аранікіндей ащы емес, бірақ шаққан адамды біраз әбіржітетіні анық. Кассаға улы жыланды салып қоюды артықтау деп шештік», - дейді Вальстрём мырза.