«Қымыздың» ым тілінде атауы жоқ — Есту қабілеті бұзылған адамдар қандай кедергілерге тап болады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 32 мыңға жуық есту қабілеті бұзылған азамат бар. Оның 5 мыңнан астамы — бала. Олардың қоғамға толыққанды араласуына кедергі келтіріп отырған мәселенің бірі — білім алудағы қиындық. 23 қыркүйек — Халықаралық ым-ишара тілдері күні қарсаңында Kazinform тілшісі есту қабілеті бұзылған азаматтардың білім алудан бастап, жұмысқа орналасуға дейін қандай кедергілерге тап болатынын және ым тілінің заңдағы мәртебесіне қатысты мәселесін саралап көрді.
«Бірыңғай ым тілін қалыптастыру керек…»
Елорда тұрғыны Роза Дәрменованың ұлы дүниеге келгеннен бері құлағы естімейді. Екі жасында оған ота жасалып, кохлеарлық имплант орнатылған. Бұған дейін есту аппаратын пайдаланғанымен, оның көмегі болмағанын айтады. Қазіргі кезде ұлы жеті жаста. Бірінші сыныпта оқиды. Сөйлейді, жалпы білім беретін мектепке барады. Дегенмен анасының айтуынша, ота жасалғаннан кейін мәселе толығымен шешіліп кетпейтін көрінеді.
— Балам қазір сөйлейді, бірақ әлі де бәрін мінсіз естиді деп айта алмаймын. Өз қатарынан қалып қоятын тұстары да бар. Баламен үнемі жұмыс істеу керек. Қазір жалпы мектепте оқиды, сондықтан мұғалімімен үнемі байланысып отырамын. Өйткені алыстан айтылған сөзді дұрыс естімей қалуы мүмкін. Ал балам жөнді естуі үшін оның жанына барып айту керек, — дейді Роза Дәрменова.
Кейіпкеріміздің анасы аталмыш мәселенің күнделікті өмірде жиі айтыла бермейтініне қынжылады. Оның сөзінше, кохлеарлық имплант барлық балаға бірдей жақсы нәтиже бермейді. Кейбір жағдайда ота жасалған күннің өзінде ештеңе өзгермей, баланың құлағы сол естімейтін күйі қала береді екен. Ал мұндай балалар үшін ақпарат алудың ең негізгі жолы — ым тілі.
Бірақ Роза Дәрменованың айтуынша, елімізде бірыңғай ым тілін қалыптастыру үдерісінде мәселе шаш етектен. Себебі бұған дейін ым тілі көбіне отбасында өзара түсінісуі үшін қолданылып келген. Мысалы, соның салдарынан бір сөзді немесе ұғымды білдіретін ым әр отбасыда түрліше қалыптасқан.
Р. Дәрменованың ата-анасының есту қабілеті болмағандықтан, ол өзі ым тілін бала кезінен біледі. Кейін оны кәсіби деңгейде меңгеру үшін Қазақстан саңыраулар қоғамындағы арнаулы курстан өткен.
— Әр отбасы ымды тұрмыстық деңгейде үйренеді. Кейін телевизияға жұмысқа орналасу үшін ресми курстан өтіп, кәсіби түрде меңгердім. Сондықтан бірыңғай жүйе қажет-ақ. Әркім ымды әртүрлі көрсетсе, естімейтін адамдардың өзі бір-бірін түсінбей қалады, — дейді ол.
«Қазақстан саңыраулар қоғамының» президенті Сайлаугүл Омарханова да бұл пікірді қуаттайды. Ол мұны қарапайым мысалмен былай түсіндіреді:
— Мәселен, «қымыз» сөзінің бәріне ортақ ымы жоқ, яғни қазақ тіліндегі ұғымдарды жеткізетін ым тілін жүйелеу керек. Бұл балалардың білім алуына ғана емес, әр өңірдегі азаматтардың бір-бірімен еркін қарым-қатынас жасауына мүмкіндік береді. Әр сөзді әліпбимен көрсету мүмкін емес. Ым тілі үшін видеосөздік қажет. Оны барлық оқу құралында пайдаланатын болсақ, балалар кішкентай кезінен бірдей үйренер еді, — дейді спикер.
Сарапшының айтуынша да, құлағы естімейтін адамдардың өзі бір-бірін дұрыс түсінуі үшін қазақ тіліндегі ым тілін реттеу керек.
— Үйде және мектепте қолданылатын ым әртүрлі болса, балаға оқу материалын түсіну қиынға түседі. Сол себепті бұл жердегі ең басты орында тұрған мәселе — білім алу. Балалар балабақшадан бастап білім алып, жетілмесе, болашақта әрі қарай дамуы өте қиын. Ең алдымен, балаларды ерте жастан дамыту қажет, — деді Сайлаугүл Омарханова.
Баламен жұмыс істейтін маман ым тілін біле ме
Қордаланған мәселе бұнымен шектелмейді. Өйткені есту қабілеті бұзылған баламен жұмыс істейтін мамандардың бәрі ым тілін біле бермейді. Мұны «Қазақстан саңыраулар қоғамының» президенті де растап отыр. Сайлаугүл Омарханованың айтуынша, сурдопедагогтерді даярлайтын оқу орны болғанымен, барлығы ым тілін толық меңгеріп шықпайды.
— Сурдопедагогтерді дайындайтын бірлі-екілі оқу орны бар. Бірақ олардың бәрі «маман» болып шыққан соң да ым тілін толық біледі деп айта алмаймын. Өйткені оқу процесінде ол сабақ аз оқытылады, — дейді сарапшы.
Оның сөзінше, бұл мәселе балабақшадан басталады. Онда есту қабілеті бұзылған балаларға арналған топ болғанымен, ол жердегі мамандардың ым тілін білуіне қатысты мәселе көп. Ал бала уақытының басым бөлігін балабақшада өткізеді. Сондықтан қажетті ақпаратты өзіне түсінікті тәсілмен алуы маңызды. Спикер арнаулы бағдарламалар болғанымен, оның аясында ым тілін үйрету жеткілікті деңгейде қарастырылмағанын жеткізді.
Құрылтай депутаты Екатерина Смолякованың да пікірі осыған саяды. Оның айтуынша, елімізде сурдопедагог мамандары тапшы. Мәселен, қазір Қазақстанда осы бағытта 170-ке жуық студент білім алып жатыр, ал соңғы бес жылда тек қана 225 сурдопедагог даярланған.
— Бүтін ел үшін бұл — өте аз көрсеткіш. Оның бір себебі мамандарды даярлау жүйесінің өзінде жатыр. Талапкер жоғары оқу орнына түскен кезде кеңейтілген білім беру бағдарламасы бар топты таңдайды. Кейін нақты мамандықты таңдаған кезде дефектология, логопедия сияқты сұранысы жоғары бағыттарға көбірек біржола ойысады. Ал сурдопедагогика аясы тар бағыт болғандықтан, екінші, үшінші кезекте қалып қоя береді, — дейді депутат.
Оның пікірінше, сурдопедагогиканы жеке әрі саналы түрде таңдалатын бағыт ретінде күшейтіп, мемлекеттік білім беру тапсырысын осы мамандарға деген нақты қажеттілікпен байланыстыру қажет.
«Сурдоауадрмашыны дайындайтын оқу орны жоқ»
Сурдоаудармашыларды даярлау ісінде де олқылық көп. Біз сөзге тартқан сарапшы Сайлаугүл Омарханованың айтуынша, Қазақстанда бұл бағыт жеке мамандық ретінде оқытылмайды. Сондықтан ол жоғары оқу орындары немесе колледждерде сурдоаудармашы мамандығын енгізуді ұсынады.
— Бізде, өкінішке қарай, сурдоаудармашыларды даярлайтын бірде-бір оқу орны жоқ. Жоғары оқу орындары мен колледждерге осындай мамандық енгізу керек. Сурдоаудармашының біліктілігі болуы аса маңызды. Егер бұндай мамандық ашылса, құлағы естімейтін ата-ананың еститін балаларын да осы бағытқа тартуға болады. Олар ым тілін отбасында кішкентайынан меңгеріп өседі. Кейін кәсіби білім алса, жақсы маман болып шығуына мүмкіндік мол, — дейді Сайлаугүл Омарханова.
Сондай-ақ, оның айтуынша, қазір ым тілін білетін адам қысқамерзімді курстан өтіп, сертификат алып, сурдоаударма қызметін көрсете алады. Мұндай курстар арнайы лицензиялауды талап етпейді. Ал берілген сертификат маманның қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді. Қоғам президенті мұндай жағдайда аудармашының ым тілін қаншалықты меңгергені мен қызмет сапасына қатысты мәселе туындайтынын айтады.
Сондықтан қоғам өкілдері сурдоаудармашыға қойылатын кәсіби талаптарды нақтылап, оның біліктілігін бағалайтын жүйе қажет деп есептейді.
Кәсіби сурдоаудармашыларды даярлау мәселесін Құрылтай депутаты Елена Смолякова да көтеріп жүр. Оның пікірінше, мамандықты енгізумен қатар, сурдоаудармашыларға қойылатын талаптарды да нақтылау қажет.
— Біріншіден, маманның ым тілін меңгеру деңгейі нақты бағалануға тиіс. Екіншіден, міндетті кәсіби сертификаттау немесе аттестаттау жүйесін енгізу керек. Үшіншіден, белгілі бір мерзім сайын біліктілігін қайта растау немесе біліктілігін арттыру тетіктері болуы шарт, — дейді депутат.
Ол сурдоаудармашыларды жұмыс істейтін саласына қарай мамандандыру мәселесін де атап өтті. Өйткені медицинада, сотта немесе білім беру саласында қолданылатын терминдер мен аудармаға қойылатын талаптар әртүрлі.
— Кей жағдайда аударманың сапасы адамның денсаулығына немесе құқығының қорғалуына тікелей әсер етуі мүмкін. Мәселен, сотта сурдоаудармашы есту қабілеті бұзылған азаматтың сөзін дұрыс жеткізуі керек. Ал медициналық көмек көрсету кезінде науқастың шағымын немесе дәрігердің айтқанын қате аудару салдары одан да ауыр болуы ықтимал. Сондықтан біз тек аудармашылардың санын көбейтуді ғана емес, олардың қызметінің сапасына да кепілдік беретін кәсіби жүйе қалыптастыруымыз керек, — дейді депутат.
Осы мақсатта ол сертификатталған сурдоаудармашылардың бірыңғай ұлттық тізілімін құруды ұсынады. Мұндай тізілім арқылы азаматтар да, мемлекеттік органдар да маманның тиісті біліктілігі бар-жоғын көре алады. Депутат бұл бағытта Жаңа Зеландияның тәжірибесіне назар аударуға болатынын айтады. Бұл елде ым тілі арнаулы заңмен ресми тіл ретінде танылған, сондай-ақ заңдық процестерде жұмыс істейтін аудармашылардың құзыретіне қойылатын талаптарды нормативтік деңгейде белгілеуге мүмкіндік бар.
Жылына 60 сағатқа ғана берілетін сурдоаударма қызметі жеткілікті ме
Құлағының мүкісі бар жандар тап болатын кедергі мұнымен бітпейді. Сарапшылардың пікірінше, ол балабақша мен мектептен кейін де жалғасады. Есту қабілеті бұзылған адамға дәрігерге, банкке, нотариусқа, сотқа немесе мемлекеттік органға барғанда, сурдоаудармашының көмегі қажет. Қазір мұндай қызмет жылына 60 сағат көлемінде ғана беріледі.
Сайлаугүл Омарханова бұл 60 сағаттың жетпейтінін айтады. Кейде бөлінген сағат біткеннен кейін де, ресми лимиттен тыс аудармашы өз еркімен азаматтарға көмектесуге мәжбүр болады.
— Мысалы, адам ХҚО-ға немесе банкке барса, сурдоаудармашы бірге барады. Бірақ сол қызмет көлемі 60 сағатты құрайды. Айына емес, күніне емес, жылына. Сағаты бітіп қалса да, аудармашы ол адамға жанашырлық танытып, бірге барады. Өйткені оны еш жерде ешкім түсінбейді. Ал Халыққа қызмет көрсету орталықтарында оларға көмек көрсететін маман жоқ. Ондай кезде аудармашының жұмыс уақыты бітсе де, баруына тура келеді, — дейді ол.
Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова да 60 сағаттық лимитті қайта қарау қажет деп есептейді.
— Алпыс сағатты бір жылға бөлсек, айына небәрі бес-ақ сағат шығады. Ал адамның өмірін бес сағатпен шектеу мүмкін емес қой?! Дәрігерге, мемлекеттік органға, сотқа, нотариусқа, банкке бару керек. Жұмысқа орналасу, құжат рәсімдеу сияқты күнделікті қажеттіліктер бар. Сол себепті айына бес сағат, жылына алпыс сағат деген шек өте аз, — дейді депутат.
Е. Смолякованың пікірінше, мәселені тек сағат санын көбейтумен шешу жеткіліксіз.
— Сондықтан мәселені көтерер кезде, басқаша қаузаған жөн. Тек алпыс сағатты сексен немесе жүз сағатқа көбейтейік деген тұрғыдан емес, басқа деңгейде қарастыруымыз керек. Бізге қажеттілікке негізделген модель қажет. Мысалы, медициналық көмек, білім беру, сот, төтенше жағдайлар, мемлекеттік қызметтер сияқты өмірлік маңызы бар салаларда аударма белгілі бір жылдық лимитке тәуелді болмауға тиіс, — деді халық қалаулысы.
Диплом бар, жұмыс жоқ
Есту қабілеті бұзылған азаматтар жиі тап болатын тағы бір кедергі — жұмысқа орналасу. Білім алып, өз мамандығын игергеннен кейін де олардың жұмысқа орналасуы оңайға соқпайды.
Сайлаугүл Омарханова арнаулы мектепті тәмамдап, кейін архитектор мамандығын қызыл дипломмен меңгерген азаматты мысалға келтірді. Оның айтуынша, сол азамат мамандықты жақсы оқығанына қарамастан, есту қабілетіне байланысты жұмыс таба алмай жүр.
— Мен бір жігітті жақсы білемін, архитектор мамандығын қызыл дипломмен бітірген. Бірақ жұмысқа алмайды. «Сен естімейсің» дейді бәрі. Жұмыс беруші үшін онымен сөйлесу, сурдоаудармашы шақыру қосымша мәселе болып көрінеді. Білімі бар азамат. Жақсы архитектор болар еді, бірақ жұмысқа алмайды, — дейді С. Омарханова.
Оның айтуынша, соның салдарынан есту қабілеті бұзылған азаматтардың бір бөлігі алған мамандығы бойынша емес, басқа жұмысты істеуге мәжбүр. Әйелдер арасында тазалықшы, тігінші, ораушы болып жұмыс істейтіндер бар. Ал ер адамдар арасында жұмыссыздық мәселесі одан да қиын.
Кейбір жұмыс берушілер қауіпсіздік мәселесін алға тартып, есту қабілеті бұзылған азаматтарды жұмысқа қабылдамайды. Астана тұрғыны Роза Дәрменова да осындай жағдайға тап болған.
— Жақында жұмыс туралы хабарландыру көрдім. Кілем жуатын жұмыс екен, жалақысы да жаман емес. Хабарласып: «Менде естімейтін адамдар бар, жұмысқа аласыздар ма?» деп сұрадым. «Жоқ, техникалық қауіпсіздікке байланысты алмаймыз, қорқамыз» деді, — дейді ол.
Сайлаугүл Омарханованың айтуынша, дәл осы себепті де мәселе тек есту қабілеті бұзылған азаматқа білім мен мамандық берумен аяқталмауы керек. Оның алған біліміне сай жұмыс істеуіне де мүмкіндік қажет.
Кейде білімі мен мамандығы бар азаматтардың өзі жұмыс табуда қиындыққа тап болып жатқанда, арнаулы білімі жоқ адамдардың жұмысқа орналасуы қаншалықты қиын екенін айтудың өзі артық.
Әлеуметтік қолдаудағы кедергілер
Есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтар әлеуметтік қолдауға қол жеткізуде де жиі қиындықтарға тап болады. Сайлаугүл Омарханованың айтуынша, олар мүгедектіктің үшінші тобына жатады. Соның салдарынан бірінші және екінші топтағы азаматтарға қарастырылған кейбір жеңілдік пен қолдау түрін пайдалана алмайды. Соның бірі — баспана мәселесі.
— Біз үшінші топқа жатамыз. Бірінші, екінші топ мемлекеттік бағдарламамен үй алғанда, біз үй ала алмаймыз. Жұмысқа келгенде де қиындық бар екенін жоғарыда айттым. Адам естімейді, сөйлей алмайды, сонда да үшінші топқа жатамыз, — дейді «Қазақстан саңыраулар қоғамының» басшысы.
Оның айтуынша, мүгедектік тобына қарай белгіленетін қолдау шараларында есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтардың күнделікті өмірде кездесетін кедергілері толық ескеріле бермейді. Сондықтан ол әлеуметтік қолдау тетіктерін нақты қажеттілікті ескере отырып қарастыру қажет екенін баса айтады.
Мәселенің шешімі неде
Көтерілген мәселелердің түйіні ым тілінің қоғамдағы алар орнына келіп тіреледі. «Қазақстан саңыраулар қоғамының» президенті Сайлаугүл Омарханова мен Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова есту қабілеті бұзылған азаматтардың білім алуына, ақпарат пен мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуіне жағдай жасау үшін ым тіліне заң жүзінде мәртебе беру керек деп санайды.
Сайлаугүл Омарханованың пікірінше, ым тілі заң жүзінде танылып, есту қабілеті бұзылған азаматтарға қажетті ақпарат осы тілде қолжетімді болуы керек.
— Менің ұсынатыным — бірінші кезекте ым тілін заң жүзінде тану. Заң деңгейінде қабылданса, есту қабілеті бұзылған адамдарға ақпарат ым тілінде берілер еді. Бұл балаларға ғана емес, ересектерге де қажет, — дейді ол.
Бұл бағытта қазір заңнамалық деңгейде нақты қадамдар қарастырылып жатыр. Екатерина Смолякованың айтуынша, биыл Әлеуметтік кодекске алғаш рет ым тілі ұғымы енгізілген. Десе де, депутат мұнымен мәселе толық шешілмейтінін айтады.
— Біздің мақсатымыз — ым тілін тек әлеуметтік қызмет көрсету құралы ретінде емес, есту қабілеті бұзылған азаматтардың білім алуына, ақпаратқа қол жеткізуіне, мемлекеттік қызметтерді пайдалануына және қоғам өміріне толыққанды қатысуына мүмкіндік беретін тілдік коммуникациялық жүйе ретінде қарастыру. Қазір бұл бағытта екі нұсқа қарастырылып жатыр. Біріншісі — қолданыстағы заңдарға кешенді өзгерістер енгізу, екіншісі — ым тілі туралы жеке заң қабылдау мүмкіндігін зерделеу, — дейді Е. Смолякова.
Депутаттың сөзінше, білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызметтер, төтенше жағдайлар мен сот жүйесінде ым тілін пайдалану кепілдіктері нақты белгіленуі керек. Бұл ретте Қазақстан басқа елдердің тәжірибесін де зерттеп жатыр. Елена Смолякова тағы Жаңа Зеландияны мысалға келтіреді. Онда 2006 жылы арнаулы заң қабылданып, ым тілі ресми тіл мәртебесіне ие болған.
— Біз бұл мемлекеттердің заңын сол күйінде көшірмеуіміз керек. Құқықтық мәртебе беру, білім беру, сурдоаудармашыларды даярлау және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі жөніндегі тәжірибені алып, Қазақстанға сәйкес өз моделімізді қалыптастыруымыз қажет. Түпкі мақсат — ым тілін заңда жай ғана мойындау емес, сол мәртебенің адамның күнделікті өмірінде нақты жұмыс істеуі, — деп сөзін түйіндеді депутат.
Әзірге ым тілінің құқықтық мәртебесіне қатысты нақты шешім қабылданған жоқ. Көтерілген ұсыныстар тек талқыға түсіп отыр. Ал бұл мәселені қозғап, айтып жүрген сала өкілдері үшін маңыздысы — ым тілінің заңда қалай аталатыны ғана емес, оның білім беру, медицина, мемлекеттік қызмет пен басқа да салаларда кедергісіз қолданылуына жағдай жасалуы.
Айта кетейік, Қазақстанда есту қабілеті бұзылған 6 мыңнан астам бала диспансерлік есепте тұр. Осы балаларды есту аппараттарымен қамтамасыз етуді жақсарту және отандық өндірісті іске қосу үшін Үкімет Денсаулық сақтау және Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне арнайы Жол картасын әзірлеуді тапсырды.