Эстония премьер-министрі Ақмола облысындағы ауылда болды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Астрахан ауданының Петровка ауылында Эстония Республикасының премьер-министрі Юрий Ратас және Қазақстандағы Эстония Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Хейти Мяемеэс бастаған делегация болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Эстония премьер-министрі Ақмола облысындағы ауылда болды

Шетелдік делегация құрамында 30-ға жуық кәсіпкер болды. Эстониялық кәсіпкерлер еліміздің бизнес құрылымдарымен логистика және ауыл шаруашылығы саласында әріптестік келісімшарттар жасамақ.

Меймандар аталмыш ауылда тұрып жатқан жергілікті эстон халқы өкілдерімен кездесті. Петровка ауылы 125 жыл бұрын құрылған. Алғашқы қоныстанушылар эстондықтар болған. Бүгінгі күні олардың ұрпақтары осында бейбіт өмір кешуде. 2018 жылдың маусым айында ауылдың мерейтойы аталып өтті. Шара шеңберінде «Юксари» шоқысына ескерткіш тас орнатылды. Эстон тілінен аударғанда «Өзен жағасындағы ауыл» дегенді білдіреді.

Қазіргі Петровка ауылы 1200 тұрғыны бар іргелі елді мекен. Ауылда 20-дан астам ұлттың өкілдері тату-тәті тұрмыс кешуде. Эстония премьер-министрі Юри Ратас ауылдың ақсақалдары Гильдой Юлих және Алидией Мягимен әңгімелесіп, тұрмыстары туралы сұрап білді.