Эстония үкіметі қорғаныс шығындарына жұмсалатын қаржыны ұлғайтпақ
АСТАНА. KAZINFORM — Эстония үкіметі 2029 жылға дейін қорғаныс шығындарын ЖІӨ-нің орта есеппен 5,4%-ына дейін ұлғайтатын жаңа қорғаныс бағдарламасын бекітті, деп хабарлайды Euronews.

Бағдарламаға сәйкес, қорғаныс шығындары 2,8 миллиард еуроға артады. Қазіргі уақытта Эстонияның қорғаныс шығындары ЖІӨ-нің 3,3%-ын құрайды.
— Біз Эстонияның ұлттық қорғанысы тұрғысынан тарихи шешім қабылдадық. Бір жылда ұлттық қорғанысқа мұндай көлемде қосымша қаражат ешқашан бөлінген емес, — деді Эстонияның қорғаныс министрі Ханно Певкур.
Келесі жылы қорғаныс шығындары ЖІӨ-нің шамамен 5,4%-ына жетіп, бір жылда 2%-дан аса өседі және ұзақ уақыт осы деңгейде сақталады, деп атап өтті министр.
— Төрт жылдағы орташа көрсеткіш те 5,4%-ды құрайды, бұл бізге НАТО-да келісілген әскери әлеуетті арттыру мақсаттарына жетуге мүмкіндік береді, — деп қосты Певкур.
Үкіметтің қорғаныс шығындарын арттыру туралы шешімі әскери мүмкіндіктерді едәуір кеңейтеді, атап айтқанда, әуе қорғаныс жүйесін жетілдіру, құрлық әскерлерінің атыс қуатын арттыру, электронды соғыс әдістерін дамыту жоспарда бар.
Бұған сонымен қатар ауқымды инфрақұрылымдық жобалар, киберқорғаныс, ұшқышсыз ұшу аппараттары, қарулы күштердің жеке құрамын ұлғайту және басқа да бастамалар кіреді.
Осыдан бұрын Латвия мен Эстония жаяу әскерге қарсы миналарды пайдалануға тыйым салатын Конвенциядан шығатыны хабарланды.