Эстонияға соңғы 30 жылдағы ең күшті теңіз дауылы жақындап келеді
АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат - Эстонияның аралды бөлігіне (елдің солтүстік батысы) соңғы 30 жылдағы ең күшті «Инго» теңіз дауылы жақындап келеді.
Бұл туралы Солтүстік Эстония құтқару орталығының бейсенбі күнгі ақпаратына сілтеме жасай отырып, Утро.ру агенттігі хабарлаған.
Құтқару орталығы жедел қызметтер толықтай дайындалғанын және көмекке тез арада келуге дайын екендігін атап өтті.
Дауыл Саремаа және Хийумаа аралдарында соғады деп болжанған, алайда құтқарушылардың айтуынша, теңіз дауылына елдің құрлықтағы бөліктерінде тұратын халық та дайын болулары керек.
Кешке жақын дауыл барынша күшті соғады. Эстония Гидрология және метеорология институтының болжауынша, желдің күші секундына 30 метр жылдамдыққа жетеді.