Эстрада жұлдыздарын жинаған Ertis Promenade 2 қыркүйекте жабылады

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қаласында жаз бойы Ertis Promenade сахнасында өткен концерттер мен фестивальдердің қорытынды, салтанатты жабылауы 2 қыркүйек күні сағат 19.00-де өтеді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Эстрада жұлдыздарын жинаған Ertis Promenade  2 қыркүйекте жабылады

Ішкі саясат басқармасының мәліметінше, бұл күні Ertis Promenade сахнасында Астана қаласынан әртістер өнер көрсетеді. Олардың арасында «Сарыарқа» халық әндері ансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі, эстрадалық би ансамблі, классикалық және эстрадалық вокал орындаушылары бар.   Сағат 20.00-де сахна төріне қазақстандық жұлдыздар Маржан Арапбаева, Алмас Кішкенбаев, Клара Түленбаева, Куләйім Қайырбаева, Дос, Ринат Малцагов шығады. Әдеттегідей, концертті тамашалау - тегін.

Айта кету керек, әр демалыс күндері павлодарлық жағалау мыңдаған тұрғындар мен қала қонақтарын жинап отырды. -  Кейбір концерттерге 50 мың халық жиналған, - деді Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов. - Ал орташа есеппен әр концертке бес мыңға жуық халық келіп отырған. Жазғы уақыт ішінде Ertis Promenade-та өткен шараға әрбір екінші павлодарлық қатысқан. Сонымен қатар, концерттерге облыс аумағынан және Қазақстанның басқа да өңірлерінен қонақтар келіп отырды. Сондай-ақ, Ресей Федерациясы мен өзге шетел мемлекеттерінен меймандар болған. Менің ойымша, Ertis Promenade бұл - Павлодар облысының жаңа бренды болып қалды. Біз келесі жылы да осындай ірі жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Еске сала кетейік, осы жазда Ertis Promenade сахнасында жерлестеріміз Меруерт Түсіпбаева, Ринат Малцагов, Роза Мұқатаева, Жанар Дұғалова, Серік Мұсалімов, «Бастау» дуэты және Дерик Байназаров ән айтты. Сонымен қатар, Қайрат Нұртас, Нұрлан Абдуллин, Әли Оқапов, Ернар Айдар, Бейбіт Қорған, Әлішер Кәрімов, Ерке Есмахан, Luina және «Жігіттер», «BN», «Мұз-Арт», Kesh You тобы өз өнерлерін көрсетті. Шетелдік жұлдыздардың арасында Павлодарға «Белый Орел» тобы мен Дима Билан және La Bouche - Onita Boone и Willi V тобының бұрынғы орындаушылары келді.