Етке мамыр, маусым айларында сұраныс жоғары болады – түркістандық шаруа
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – Елімізде ет экспорты жақсы жолға қойылған. Бұл туралы Түркістан облысындағы кәсіпкер Ерден Бақытбай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өз басым бұл саладағы Үкімет тарапынан қолға алынып жатқан жұмыстарды жоғары бағалаймын. Тек көзін тапсаң кәсіп ашып, елге қызмет етуге мол мүмкіндік жасалған. Осыдан алты жыл бұрын «Сыбаға» бағдарламасымен 12 миллион теңге несие алып, жұмыс бастадым. Мамандығым мал дәрігері болғандықтан кәсібімді де осы саладан аштым. Яғни, жеңілдетілген жолмен алған несиеме алғашқыда 37 бас мал алдым. Оның орнын, жайылым жерін, жем-шөбін дайындадым. Бүгінде ірі-қара малдың басын екі жүзге жеткіздім. Оның жылда елу шақтысын семіртіп соямын. Әр қайсысы орта есепппен 300 келі ет берсе, елу бастан 15 тоннадай ет экспорттаймын», - дейді «Ұлан Отырар» ЖШС директоры Е.Бақытбай айтты.
Ол етке негізінен мамыр, маусым айларында сұраныс жоғары болатындығын атап айтты.
«Біздің оңтүстік жақтың ауа райы біршама ыстық болғандықтан малды да негізінен күз, қыс, ерте көктемде бордақылаған жақсы. Біздің серіктестік малдың жем-шөбін де өзі дайындайды. Отырар ауданы, Талапты ауыл-округінде жүз гектардай егістік алқабымыз бар. Жүгері мен бидай араласқан ұнтақ жеген мал екі жарым айда семіреді. Әрі оның еті де дәмді болады. Сапалы өнім өндірсең өзіңнің тұрақты тұтынушыңды қалыптастырасың. Бүгінде біз өз өнімімізді қайда, қалай өткіземіз деп қиналмаймыз. Өз тұтынушыларымыз бар. Олар көбіне көршілес жатқан Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыстаннан келеді. Отандық өнім өндірушілерге мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Өткен жылы әр келісіне 200 теңгеден төледі. Жалпы, 4 миллион теңге субсидия алдық. Бұл біздің бизнесімізді одан әрі өркендетуге жол ашады. Бүгінде он шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Жалпы, жұмыс істеймін, жеке кәсіпкерлікпен айналысамын деген адамға біздің елде мүмкіндік мол», - деп атап өтті ол.