Этнограф Ақеділ Тойшанұлы Моңғолияның «Достық» орденімен марапатталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Моңғолияның Қазақстандағы елшілігінде Қазақстан ғалымы Ақеділ Тойшанұлы мен саясаткер Орман Нұрбаев марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Этнограф Ақеділ Тойшанұлы Моңғолияның «Достық» орденімен марапатталды

Марапаттау салтанатына Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Саянбуян Амарсайхан арнайы келсе, Қазақстан тарапынан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысты.

Марапаттау шарасы Қазақстан мен Моңғолия арасындағы достық қарым-қатынастың 30 жылдығына орай ұйымдастырылғанын айта кету керек.

Атап айтсақ, Халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері, ғалым Ақеділ Тойшанұлы Моңғолия Президентінің Жарлығы бойынша «Достық» орденімен марапатталды.

«Моңғолия мен Қазақстан ынтымақтастығының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы, ғалым Ақеділ Тойшанұлы Моңғолияның «Достық» орденімен марапатталсын. Моңғолия Президенті У. Хүрэлсүхтің №124 Жарлығы Ұланбатыр қаласы 2022 жылғы шілде», - деп жазылған марапаттау Жарлығында.

Сондай-ақ, QazaqGeography қоғамының атқарушы директоры Орман Нұрбаев Моңғолияның «Алтын жұлдыз» орденіне ие болды.

«Моңғолия мен Қазақстан қарым-қатынасының дамуына қосқан зор үлесі үшін QazaqGeography қоғамының атқарушы директоры Орман Нұрбаев «Алтын жұлдыз» орденімен марапатталсын. Моңғолия Президенті У.Хүрэлсүхтің №124 Жарлығы», - деп жазылған құжатта.