Этномәдени бірлестіктер мемлекеттік тілді оқыту мен оны жұртшылыққа танымал ету ісінде жаңа бастамалар көтеріп, белсенділік танытуда - Шерубай Құрманбайұлы

АЛМАТЫ. 25 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Қазіргі таңда этномәдени бірлестіктер мемлекеттік тілді оқыту мен оны жұртшылыққа танымал ету ісінде жаңа бастамалар көтеріп, белсенділік танытуда. Бұл туралы бүгін Алматыда «Тіл - халық жанын танудың кілті» атты орыс жастары арасындағы қазақ тілі білгірлерінің V республикалық байқауында ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлы айтты.

Этномәдени бірлестіктер мемлекеттік тілді оқыту мен оны жұртшылыққа танымал ету ісінде жаңа бастамалар көтеріп, белсенділік танытуда -  Шерубай Құрманбайұлы

«Оның бір дәлеліне Қазақстанның Орыс қауымы мұрындық болуымен өткізіліп келе жатқан орыс жастары арасындағы қазақ тілі білгірлерінің республикалық байқауы бола алады»,-деді ол.

Ол сонымен қатар: «Бүгінгі таңда біздің жас ұрпағымыз мемлекеттік тілді қалың бұқараға танымал ету және үгіттеу жолында белсенді атсалысуда. Бұған «Тіл - халық жанын танудың кілті» атты орыс тілді жастар арасындағы қазақ тілі білгірлерінің республикалық байқауы да септігін тигізуде. Әр жылдардағы байқау жеңімпаздары өздерін үлгі етіп, жастарға арналған түрлі іс-шаралар мінберінен мемлекеттік тілді жетік білуші адамдардың беделі әрқашанда биік болатынын жұртшылыққа паш етіп жүр»,-деді.

Шара барысында Ш. Құрманбайұлы: «Жастарымыздың қазақ тілін және басқа да тілдерді меңгеруі - бұл жастардың, өздерінің биік жетістіктерге қол жеткізуінің міндетті шарты екенін түсінетіні қуантарлық жайт»,-деп атап өтті.