Этномәдени бірлестіктерге талап күшейтіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Этномәдени бірлестіктерге талап күшейтіледі. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Этномәдени бірлестіктерге талап күшейтіледі

«Бірлік қай елгеде керек ерекше ұғым. Бірлік жас елге, біз сияқты көп дінді елге аса қажет. Әсіресе, қазіргідей дүние дүбірлеп, жер жаһанның жайсыз күйге түсіп тұрған заманда. Сондықтан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, өзінің барлық сөздерінде Ассамблеяның Қазақстандағы бірлік пен татулықты күшейтуге қосатын рөлін ерекше атап өтеді», - деді Мәжіліс депутаты.
null

Ол қоғамда болып жатқан өзгерістерге, рухани жаңғыруға, этносаралық қарым-қатынасты жетілдіре түсуге байланысты «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу  қарастырылып жатқанын айтты.  Сонымен қатар, кейбір түзетулерге тоқталды.

«Мысалы, бір облыстың деңгейінде жұмыс істейтін этно-мәдени бірлестіктер жергілікті, ал 8 облыста жұмыс істейтін этно-мәдени бірлестіктер республикалық болып саналады. Содан кейін көптеген жылдар бойы тіркеліп, бірақ іс жүзінде нақты жұмыс жасамай отырған этно-мәдени бірлестіктер бар. Олардың жұмыстарына талап күшейтіледі. Олар қоғамдық аккредитациядан өткізіледі. Бұл олардың жұмысын жандандыруға себеп болады», - деді Сауытбек Абдрахманов.

Айта кетерлігі, отырысқа ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚХА төрағасының бірінші орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Л.Прокопенко, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, ҚХА кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, ғылыми және шығармашылық зиялық қауым өкілдері қатысты. Іс-шара барысында ассамблея қызметінің өңірлердегі тәжірибесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің ҚХА депуттаттық тобының және «Әзербайжан қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жұмысы,  әрі басқа да ұйымдастыру мәселелері қаралды.