Этнопедагогика ғылымының негізін қалаушы белгілі ғалым Г.Волков Астанадағы Қазақ агротехникалық университетінде болды

АСТАНА. Қазанның 25-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Этнопедагогика ғылымының негізін қалаушы, Ресей Білім академиясының академигі, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының тұрақты мүшесі Геннадий Волков Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде дәріс оқыды.

Этнопедагогика ғылымының негізін қалаушы белгілі ғалым Г.Волков Астанадағы Қазақ агротехникалық университетінде болды

Г.Волковтың пікірінше, этнопедагогика - ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне қатысты халықтың педагогикалық көзқарастары мен тәжірибесін зерттейтін ғылым болып табылады, сондықтан отбасы, әулет, ру, ұлт ұғымдары педагогика тарихы мен теориясының ажырамас бөлігі деп тұжырымдалады. Сол себепті ғалымның өз дәрісінде айтқан әрбір сөзі адамды жоғары деңгейдегі үйлесімді әрі жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптасуына ұмтылдырады.

Айта кетейік, өз халқының рухани құндылықтарын, тәрбиелік мұрасын меңгеруге бағытталған «Этнопедагогика» пәні жоғары оқу орындарындағы барлық мамандықтарда оқытылады. Сондықтан ұлы этнопедагог, еңбек сіңірген ұстаз және ғылым қайраткерімен болған бұл кездесу жас ұрпақ жадында мәңгі сақталып, пәннің қажеттігін сезінуге септігін тигізгені анық.

Г.Волков сонымен бірге, К.Д.Ушинский медалі мен сыйлығының иегері, Эрфрут университетінің Құрметті докторы, Ресей Федерациясы мен Қалмақстан ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, Чувашия және Якутияның еңбек сіңірген мұғалімі, Татарстанның «Білім берудегі қызметі үшін» белгісімен марапатталған. Ол өзінің этнопедагогикалық мектептерін құрып, онда 300-ден астам ғылым докторлары мен кандидаттарды қорғатып шығарды. Бүгінгі күні оның мектептері Мәскеу, Минск, Киев, Бішкек, Ташкент және тағы да басқа қалаларда жұмыс істейді. Ғалым оларда жиі дәрістер оқып тұрады, шәкірттерімен, ұстаздармен және жалпы көпшілікпен кездесулер өткізеді. Г.Волковтың этнопедагогика ғылымына қатысты 800-ден астам еңбегі жарық көрді.