Этностардың жер бетіндегі тіршілік мөлшері шамамен 1200-1600 жыл болып есептеледі - профессор Серғазы Қалиев
АЛМАТЫ. 3 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ортақ мұраларды этностардың өзіндік ерекшелігі бойынша анықтауға болады. Бұл бүгін Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетіндегі Дискуссиялық клубтың «Қазақ этнопедагогикасы - ұлттық тәрбиенің ғылыми негізі» деген тақырыптағы алғашқы мәжілісінде айтылды.
«Этностар географиялық аймақта, климаттық, мемлекеттік-экономикалық жағдайларға байланысты белгілі бір уақыт мөлшерінде өмір сүріп, өсіп-өркендейді. Қазақ даласында бұдан 10-15 ғасыр бұрын ғұндар мен сақтар өмір сүрді. Кейін бұл екі халықтың бірігуінен түркі тайпалары, ал олардың өзге тайпалармен араласуынан қазақ, өзбек, тәжік, түрікмен, әзірбайжан және тағы басқа ұлттар мен ұлыстар пайда болды. Этностардың жер бетіндегі тіршілік мөлшері шамамен 1200-1600 жыл болып есептеледі. Бірақ түрлі жағдайларға байланысты олардың тарихы бірде ұзақ, бірде қысқа болуы мүмкін», - дейді педагогика ғылымының докторы Серғазы Қалиев.
Ғалымның айтуынша, этностар мәдениетінің тарихын анықтауда археология, тарих, этнография ғылымдарының қызметі зор. Этностар өзге мәдени мұраларды да қабылдай отырып өсіп-өркендеу кезеңін бастан өткізіп отырады. Олардың мәдениеті біркелкі дамымайды. Түрлі жағдайларға байланысты ол бірде баяу, бірде шапжаң жүріп отырады.