Етті мал шаруашылығын дамыту бағытындағы «Сыбаға» бағдарламасын қаржыландыру жүзеге асуда
АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Етті мал шаруашылығын дамыту бағытындағы «Сыбаға» бағдарламасын қаржыландыру жүзеге асуда.
Бұл туралы бүгін «ҚазАгроӨнім» Акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.
Жиын барысында Мемлекет басшысының Жолдауында ет экспорты әлеуетін дамытуға қатысты жүктелген міндеттерді жүзеге асыру барысына тоқталған «ҚазАгроӨнім» АҚ Басқарма басшысының кеңесшісі Оңғар Дауылбаев, ағымдағы жылдан бастап елімізде «Сыбаға» атты кең ауқымды бағдарлама қолданысқа енгізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бағдарламаның мақсаты етті тұқымдағы төлдерді өсіру үшін ірі қара малдардың аналық мал басын және асыл тұқымды бұқаны сатып алу үшін фермерлік шаруашылықтарды несиелендіру болып табылады. Бағдарламаны қаржыландыру «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымдары - «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жүзеге асады. Бұл ретте Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 1-ден 8,58 млн. теңге аралығына дейін қаржыландырса, 8,5 млн. теңгеден астам қаржыландыруды «Аграрлық несие корпорациясы» жүзеге асыратын болады. Қарыз беру мерзімі 7 жыл, сыйақы мөлшерлемесі 6 пайызды құрайды. Негізгі қарызды өтеу бойынша жеңілдік мерзімі 2 жылға дейін», - деді О. Дауылбаев.