Еуразия Барысы: Қазақстанның екінші құрамасы финалға шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ күресінен Алматыда өтіп жатқан «Еуразия Барысы» турнирінде Қазақстанның екінші құрамасы финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Отандастарымыз жартылай финалда Өзбекстан балуандарын 6:2 есебімен ұтып финалға жолдама алды. Осыған дейін «Қазақстан 2» құрамасы ширек финалда Грузия балуандарын да тура осындай 6:2 есебімен жеңген болатын. Ал, өзбек балуандары бірінші айналымда Камерун балуандарын 7:1 есебімен қапы қалдырып, ширек финалда Бразилия балуандарын 8:0 есебімен ойсырата ұтқан еді.
Енді Өзбекстан құрамасы қола белбеу үшін сынға түседі. Ал «Қазақстан 2» құрамасы финалда «Қазақстан 1» құрамасы және Жапония балуандары арасындағы белдесудің жеңімпазымен алтын жүлдеге таласады.