Еуразия даму банкінің Талдау басқармасы «ТМЛ макромониторингін» шығарды
АЛМАТЫ. 7 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Еуразия даму банкінің Талдау басқармасы ТМД елдерінің алғашқы жартыжылдықтағы экономикасына талдаудың кезекті «ТМД макромониторингін» шығарды.
Онда алғашқы жартыжылдықтағы негізгі ағымдарға талдау жасалып, 2011-2012 жылдарға арналған болжамдар бағаланған.
Халықаралық және ұлттық сарапшылардың болжамына қарағанда, 2011-2012 жылдары жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,5 пайыз деңгейінде болмақ. Барынша жоғары өсім қарқыны 2011 жыл Түрікменстан (9,6 пайыз) мен Өзбекстанда (7,8 пайыз) жоспарлануда. Еуразия даму банкі сарапшыларының пайымдауынша, Еуропа мен Америкадағы құрастырмалы қарыз мәселесі, бюджеттік және сыртқы теңсіздігіндегі кредиторлар мен қарыз алушылардың арасындағы қарма-қарсылықтың шешілмеуі әлемдік экономикадағы тәуекелдің өсуіне жағдай жасады. Дамыған және дамушы елдердегі жағымсыз макроэкономикалық статистика кері кетудің белгісі. Осыған қарамастан алғашқы жартыжылдықта ТМД елдерінің экономикасындағы ілгерілеушіліктер жалғасуда. Алдын ала деректер бойынша, 6 айда ЖІӨ-нің өсімі аймақта орта есеппен 4,2 пайызды құрады. Онда ең жоғары көрсеткіш Түрікменстанда (14,4 пайыз), ең төменгі көрсеткіш Әзірбайжанда (0,9 пайыз) тіркеліп отыр.
Сауда балансының жағымды динамикасы мұнай-газ экспорттаушы елдердің (Ресей, Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан) экономикалық өсімін айқындады. Ал мұнай өнімдері мен азық-түлік бағасының көтерілуі мұнай-газ импортаушы елдердің (Армения, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Украина) сауда балансын нашарлатты. Инфляцияның орташа көрсеткіші Белоруссиядан өзге елдерде маусымдағы 11,4 пайыздан тамызда 10 пайызға дейін төмендеді.