Еуразия елдері парламенттері төрағаларының Кеңесінде қандай мәселелер қозғалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Еуразия елдері парламенттері төрағаларының ІV Кеңесін қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еуразия елдері парламенттері төрағаларының Кеңесінде қандай мәселелер қозғалды

«Оның қатысушылары Еуразия құрлығындағы интеграциялық процестерге зор қызығушылықтарын білдірді. Төртінші жалпы отырыс өтті. Кеңес форматы тақырыптардың барынша кең ауқымын, оның ішінде өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту, экстремизм мен терроризмге қарсы тұру, мәдениеттер өркениеті диалогын дамыту, елдеріміздің экономикасын инновациялық дамыту, цифрландыру, әлеуметтік проблемаларды шешу мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді. Барлық сөз сөйлеушілер саяси, экономикалық, құқықтық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту үшін Еуразия кеңістігіндегі парламентаралық диалогты дамытуды жақтады», -деді Нұрлан Нығматулин БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.

Оның атап өтуінше, кеңес өзара сенімді нығайту және халықаралық аренада ортақ мүддені қолдау негізінде Еуразия елдерінің арасында тұрған міндеттерді барынша тиімді шешуге септігін тигізеді.

«Бірлескен мәлімдемеде Еуразиялық интеграция идеясының авторы әрі бастамашысы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлінің аталып өтілгендігі қуантарлық жайт, ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақты даму үшін конструктивті өзара іс-қимылды, ынтымақтастықты дамытуға ұмтылыс пен ниеттестік аталып өтті», - деді Мәжіліс төрағасы.