«Еуразия» кинофестиваліне қазақстандық 10 картина қатысып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Еуразия» ХІV халықаралық кинофестивалінің конкурстық және конкурстан тыс бағдарламаларына қазақстандық 10 фильм қатысып отыр. Олардың барлығы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еуразия» кинофестиваліне қазақстандық 10 картина қатысып отыр

Киностудияның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл жылы бағдарлама 8 бөлімнен тұрады. Олардың ішіндегі «Халықаралық байқау» мен «Қысқаметражды фильмдер байқауы» - конкурстық. Бұл бөлімдерге сәйкес киностудия атынан толықметражды «Әміре» (Джефф Веспа) мен қысқаметражды «Тығылмақ» (Венера Қайыржанова) бақ сынауда.  

«Еуразия» XIV ХКФ-нің негізгі конкурсына қазақстандық картиналардан өзге мынадай фильмдер де қатысуда:  режиссер Ян МинМиннің «Қыздар әрдайым бақытты» (Қытай), режиссер Алексей Федорченконың «Аннаның соғысы» (Ресей), режиссер Мари Гарельвайстың «Сауық кеш аяқталды» (Франция), режиссер Хидже Джонгтың «Автостоп» (Оңтүстік Корея), режиссер Мариям Хатчанидің «Деде»  (Грузия), Бану Сивачидің «Көгершін» (Түркия), режиссер Рашид Маликовтың «Табандылық» (Өзбекстан), режиссер Елизавета Стишованың «Сүлеймен тау» (Ресей, Қырғызстан, Польша), режиссер Джанис Нордстың «Иттің атасы жоқ» (Латвия,  Польша, Литва, Россия), режиссер Светислав Драгомировичтің «Көкжиектер» (Сербия), режиссер Милко Лазаровтың «Ага» (Болгария, Германия, Франция).

Халықаралық конкурсқа барлығы 12 толықметражды картина және 35 қысқаметражды фильмдер жолданды.

Негізгі конкурстың қазылар алқасының құрамында режиссер, сценарист және продюсер Ван Сяошуай, продюсер Амир Эсфандиари, кинофестивальдерді ұйымдастырушы  және бағдарлама құрушы Питер Скарлет, «Оскар» сыйлығының иегері Габриэлла Кристиани, режиссер, кинодраматург Ермек Тұрсынов бар. Ал қысқаметражды картиналардың қазылар алқасының құрамына әйгілі түрік режиссері Семих Капланоғлы, қазақстандық актриса Самал Есләмова, америкалық оператор Хиро Нарита, сербиялық актер Милош Бикович, сингапурлық өнер кураторы және режиссер Джереми Чуа кіреді.

Биылғы және өткен жылдардағы түркі тілді халықтардың 10 үздік картинасы іріктелген конкурстан тыс «Керуен» бағдарламасында Болат Қалымбетовтің «Талан» және Қуат Ахметовтің «Аруақ» көркем фильмдері көрсетіледі.

Сонымен қатар, киностудия «Еуразия жүрегінде» бағдарламасына Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазының «Мұзбалақ» және Адай Әбілдиновтің «Күлтегін» толық метражды жаңа анимациялық картиналарын ұсынған. Бұдан бөлек, осы жылы прокатқа шыққан Беграс Елубайдың «Оазис» және Елжас Рахымбековтің «Elfreeman» көркем фильмдері көрсетіледі.

Сондай-ақ, «Объектив» деректі фильмдер бөлімінде Владимир Тюлькиннің «13 километр» және Анвара Садықова мен Ғазиз Насыровтың «Қазақ биі» филмьдері де бар.

Айта кетсек, «Еуразия» XIV халықаралық кинофестивалі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және елордамыздың 20 жылдық мерейтойын атап өту аясында 2018 жылдың 1 шілдесі мен 7 шілдесі аралығында өтеді.