14:29, 11 Ақпан 2009 | GMT +5
«Еуразия» қоры Астанадағы азаматтық қоғам секторын дамытуға бағытталған бағдарламасын аяқтады
АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Орталық Азия бойынша «Еуразия» қоры Астана қаласындағы үкіметтік емес ұйымдар арасындағы қорытынды тренингін аяқтады.

Аталған шара «Астана қаласындағы азаматтық қоғам секторын дамытуға жәрдемдесу» бағдарламасы аясында өткізіліп отыр. Бүгін елордада осыған орай арнайы баспасөз мәслихаты болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2008 жылғы қыркүйектен 2009 жылғы ақпанға дейінгі аралықта бағдарламаны жүзеге асыру барысында аталған Қор 8 институциональды тренингтер өткізген. Бұл шараға жалпы алғанда 40 шақты үкіметтік емес ұйымдар атсалысты. Онда тренингке қатысушылар ҮЕҰ жұмыс істеуінің негізгі қағидаттары туралы пікір алмаса отырып, қоғаммен өзара байланыстың тиімді тәсілдері, жобаларды басқару және дұрыс команда құру секілді мәселелерімен танысып шықты. Сондай-ақ, шара барысында үкіметтік емес ұйым өкілдері қаржыларды тарту, менеджменттік басқару, салық және бухгалтерлік есеп мәселелері бойынша қажетті білімдерін толықтырды. «Бұдан басқа, бағдарлама аясында ҮЕҰ ашқысы келетін белсенділер үшін заңнамалық консультациялыр сериясы ұйымдастырылды. Осының нәтижесінде бүгінгі күні елордада жаңадан 5 ұйым құрылды», деді жобаның жетекші маманы Айгүл Тағатова.