Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Астанада 2 наурызда Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Халықаралық форумға ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз және Парламент депутаттары қатысады. Сондай-ақ, жиынға Еуропа мен Орталық Азияның 21 елінен 35-тен астам делегат, еліміздің зиялы қауым өкілдері, жазушылар, теолог-ғалымдар, облыстың бас имамдары да қатыспақ.
Шетелдік меймандар арасында Ресей мұсылмандары діни басқармасының және мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдиннің, Түркия Республикасы дін істері басқармасы төрағаcының орынбасары Селим Аргунның, Литва Республикасы мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, мүфти Ромас Якубаускастың арнайы баяндамалары күтіледі.
Алқалы жиынның мақсаты жаңа замандағы мұсылман қауымының жауапкершілігі мен өзара түсінігін қалыптастыру, әлемдегі сын-қатерлерге жауап беру, мұсылман үмбетінің діни экстремизм мен терроризмге қарсы иммунитетін арттыру болып отыр. Бұдан бөлек, жиында ортаазиялық тарихи діни мектептің рөлін арттыру, Елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасына орай қазақ топырағынан шыққан әлемге танымал діни тұлғалардың еңбегін насихаттау, Еуразия елдерінің ортақ пәтуалар базасын қалыптастыру секілді мәселелер де қозғалатын болады.
Қатысушылар 2018 жылы Қазақстанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті съезіне үн қосып, әлемдік діни келісім мен татулықтың қазақстандық моделін насихаттауға назар аударады. Халықаралық басқосуда «Бүгінгі мұсылманның келбеті» құжаты қабылданып, форумға қатысушылардың Қарары жарияланатыны жоспарланған.