Еуразия сақтандыру компаниясы қайта сақтандырудағы қазақстандық қамтуды ұлғайту туралы бастаманы қолдайды
АЛМАТЫ. 18 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Еуразия сақтандыру компаниясы қайта сақтандырудағы қазақстандық қамтуды ұлғайту туралы бастаманы қолдайды. Бұл туралы бүгін "Еуразия" сақтандыру компаниясы" АҚ-ның Алматыдағы алғашқы қазақстандық пресс-турында компанияның Қайта сақтандыру департаментінің директоры Самат Қабдолов осылай атты.
"Қазір компаниялардың көбі қайта сақтандыруда тәуекелді шет елге бергендіктен онда қазақстандық қамту өте аз. Соңғы кезде жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Сыйақының үлкен бөлігін Қазақстанда қалдырып, қазақстандық қамтуды көтеру туралы. Біз бұл жобаны толық қолдап, жұмыс тобына да кіріп отырмыз", - дейді С. қабдолов.
Оның айтуынша, полис берумен ғана айналысу дұрыс емес. Қайта сақтандыру тәуекелін елде қалдыру арқылы сыйақыны компанияны дамытуға жұмсау қажет. Қазақстанда сақтандыру нарығын дамыту үшін мәдениетті көтеру керек.
"Еуразия" СК" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Назым Тульчинскийдің сөзіне қарағанда, егер Қазақстандағы сақтандыру нарығы дамитын болса, сырт елдерден де сақтандырушылар келетін болады. Мәселен, Грузия-Ресей арасында компаниялар бір-бірімен тікелей жұмыс істей алмай отыр. Қазақстан олармен тәуекелді бөлісуге мүмкіндігі бар. Қазір қайта сақтандыруда шетелден келетін қаражаттың 99 пайызы Еуразия сақтандыру компаниясның үлесінде. Жалпы Қазақстанды қайта сақтандыру нарығында тәуекел алаңына айналдыруға қолайлы жағдайлар өте мол.