«Еуразия тауар жүйесінің ең үздік жеке инвесторы - 2011» байқауы жарияланды

МАТЫ. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «Еуразия тауар жүйесінің ең үздік жеке инвесторы - 2011» байқауы жарияланды. Бұл жайында Қазақстандағы тауар биржа нарығының даму мәселелеріне арналған баспасөз мәслихатында ЕТЖ Басқарма Төрағасының орынбасары Әли Мамедов айтты.

«Еуразия тауар жүйесінің ең үздік жеке инвесторы - 2011» байқауы жарияланды

Ә.Мамедов мәлімдегендей, байқаудың негізгі мақсаты - жеке инвесторлар жедел нарықтың құралдарымен шеберлікпен жұмыс жасай отырып қандай табысқа қол жеткізетінін қоғамға көрсету. Байқаудың негізгі санаттары мен аталымы «Табыстылық», «Табыс», «2011 жылдың ең белсенді трейдері» және «2011 жылдың ең үздік бидай трейдері».

«ЕТЖ-ның ең үздік жеке инвесторы - 2011» атағын және 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық байқауды өткізу кезеңінде жүргізілген операциялардан барынша жоғары табыс тапқан байқау қатысушысына тапсырылатын болады», -дейді Ә.Мамедов.

Баспасөз мәжілісінің қатысушылары ЕТЖ тауар биржасына жеке инвесторларды тарту мақсатында тұрақты негізде түрлі бағдарламалар өткізіліп тұратындығын атап өтті. Ағымдағы жылдың тамыз айында инвесторлардың фьючерстерді саудалау кезінде демо-шоттардан нақты шоттарға шығуы бойынша Қазақстан нарығы үшін бірегей жоба тәмамдалған. Бұл жобаны ЕТЖ мен Жеке инвесторлар клубы бірлесе отырып өткізген.

Жиын барысында сонымен қатар ЕТЖ-ның биыл ендірген жасырын биржа аукционы, мамандандырылған биржа аукционы, бидайға қатысты стандартты экспорт келісім-шарты іске қосылғандығы айтылды.

ЕТЖ Басқарма Төрағасының орынбасары атап өткендей, жасырын биржа аукционы бұл сауданың жаңа тәртібі болып табылады. Ол жеткізуші мен сатып алушыны тікелей байланыстырып, тауардың нарықтағы бағасына қол жеткізуге және түрлі делдалдардың қажетсіз тізбегін алып тастауға мүмкіндік береді. «Жасырын сауданың нәтижесінде біз сауда кезінде қалыптасқан нарық жағдайына жауап беретін әділ әрі шынайы бағаны алатын боламыз. ЕТЖ биржасының жасалынған барлық келісім-шарттардың орындалуына кепілдік беруі сауданың аталған түрінің негізгі ерекшелігі болып табылады», - деп түсіндіріп өтті ол. Оның сөзіне қарағанда, жасырын аукцион бір жағынан, ірі кәсіпорындарға өз өнімдерін тікелей тұтынушыларға сатуға мүмкіндік беретін болса, екінші жағынан, тұтынушылар тиісті сапаға ие тауардың өз уақытысында жеткізілуіне кепілдік алады.