Еуразия трансфузиологтары Астанада бас қосады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Қанның тегін донорлығын дамытудың өзекті мәселелері» атты ІІІ Еуразиялық конгрес өтеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Трансфузиологтардың ІІІ Еуразиялық конгресі 2018 жылдың айтулы оқиғаларының бірі болғалы тұр. Менің ойымша, бұл шара қазіргі таңда әлемдегі трансфузиологияның барлық озық әдістерін алмасуға мүмкіндік берер деген сенімдеміз», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Комитет төрағасы өз сөзінде отандық қан қызметінің алдына қойылған негізгі міндет - тегін қан донорлығы болып отырғанын тілге тиек етті.
«Келешекте Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы донорлықтың қайтарымсыз болуын көздеп отыр. Бұл әлбетте қан мен оның компонеттерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыра түседі», - деді ол.
Қазақстанда мұндай ауқымдағы Конгрес тұңғыш рет өткізілгелі отыр. Бұл шара арқылы әлемдік медициналық бірлестіктердің алдында Қазақстанның абыройын арттыру көзделген. Конгресті өткізу арқылы Қазақстанды жаңа технологияларды енгізіп келе жатқан әлеуметтік мемлекет ретінде таныту жоспарланған.
Ал Ұлттық-өндірістік орталық директорының орынбасары Шайжамал Мұсабекованың айтуына қарағанда, Қазақстанда 18 қан орталығы жұмыс істеуде. Олардың барлығы республика бойынша орналасқан 200-ге тарта қан орталығы қызметін біріктірген.
Конгрес осы уақытқа дейін Беларусьте және Мәскеуде өткен. Халықаралық дәрежежегі мұндай шара 2 жылда 1 мәрте ұйымдастырылып тұрады.