Еуразия ұлттық университетінде Лу Бань шеберханасы ашылады

ЕНУ
Фото: ЕНУ

АСТАНА. KAZINFORM – Лу Бань шеберханасы Еуразия ұлттық университетінде ашылады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.

«Сүйінші, жаңалық, Астанада Бейжің Тіл және мәдениет университетінің филиалы ашылады. Биыл алғашқы 100 студент оқуын бастайды. Осы орайда ҚХР Білім министрі Хуай Цзиньпэн мырзаға алғыс айтамын, осы кісінің тікелей қатысуымен қолға алынып отыр. Тағы бір жаңалық елордадағы Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында Лу Бань шеберханасы ашылады. Бүгін түстен кейін Хуай Цзиньпэн мырза ашылатын шеберхананың инфрақұрылымымен танысады. Лу Бань шеберханасы өте керемет, ең соңғы қолданбалы форматта оқытады. Былтыр Өскеменде ашылған, енді елордада ашылғалы отыр. Тағы да Қытай басшылығына алғыс айтамын, себебі Қытай үкіметінің бір елде бір ғана шеберхана ашу принципі бар, ал Қазақстан үшін осындай шешім қабылдап отыр», - деді Саясат Нұрбек елордада өтіп жатқан «Жоғары білім беру және өндірісті интеграциялау саласындағы ынтымақтастық» атты халықаралық симпозиумда.

Еске сала кетсек, биыл ақпанда Мемлекет басшысы Өскемендегі «Лу Бань шеберханасының» жұмысымен танысқан еді.

Айта кетейік, «Лу Бань шеберханасы» «Автомобильдердің инновациялық конструкциясы» және «Автомобильдердің SMART технологиясы» сияқты екі зертханадан тұрады.

Орталықтың бір ерекшелігі – мұнда студенттер практикалық дағдыларды меңгеріп, автомобиль жүйелеріне симуляциялық сынақ жүргізе алады. Сондай-ақ орталықта электромобильдер мен гибридті көліктерге техникалық қызмет көрсету және диагностика жасау үшін жаңа технологияларды игеру ісіне айрықша мән беріледі.

Кеше Астана халықаралық университетінің базасында Бейжің Тіл және мәдениет университетінің филиалы ашылғаны туралы хабарлаған едік.

 

Соңғы жаңалықтар