Еуразия ұлттық университеті әлемнің 500 үздік университетінің қатарына енді - QS World University Rankings® рейтингісі
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өткен жылы бұл көрсеткіш 600 университеттің аясында болса, биыл Қазақстанның Еуразия ұлттық университеті әлемнің 17 мың жоғары оқу орындарының ішінен 501-ші орыннан 451-ші орынға көтерілді. Орталық Еуропа және Қазақстан бойынша аталған үздіктер тобында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Экономиканың жоғары мектебі университеті, Венгрияның Жегет университеті және тағы басқа бірқатар оқу орындары бар.
Әлемнің үздік университеттерінің QS World University Rankings® рейтингісі жоғары оқу орындарын бағалау барысында университеттің зерттеу қызметі, жұмыс берушілердің пікірлері, білім беру үдерісі мен осы саладағы жаңалықтарды тиімді пайдалана білу деңгейі ескеріледі. Сондай-ақ рейтингті әзірлеу кезінде ғылым саласындағы халықаралық зерттеулерге және әлемнің ең ірі ғылыми мақалалар базасы болып табылатын Скопус бойынша университет ғалымдары жазған еңбектерге сілтеме жасау индексіне баса назар аударылады.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты ел халқына арнаған Жолдауында отандық білім саласын дамыту қажеттігіне ерекше тоқталып: «Жоғары білім сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруі тиіс. Елдегі жоғары оқу орындары әлемнің жетекші университеттерінің рейтингісіне енуге ұмтылулары керек», - деп атап өткен болатын.