Еуразия ұлттық университетін дамыту бағдарламасы Үкіметке ұсынылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін әрі қарай дамыту бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің назарына ұсынылады. Бұл туралы бүгін халық алдындағы есептік кездесуін өткізген аталған университеттің ректоры Ерлан Сыдықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Еуразия ұлттық университетін дамыту бағдарламасы Үкіметке ұсынылады

Оның айтуынша, Еуразия ұлттық университетінің стратегиясында ұлттық зерттеу университеті мәртебесін алуға ұмтылатындығы айтылған.

«Зерттеу университеті - біз үшін де, сіздер үшін де зор мүмкіндік. Енді «оқыту - зерттеулер жүргізу - зерттеу нәтижелерін енгізу - инновациялық кәсіпорындар құру» тізбегінен тұратын цикл жүзеге асуы тиіс. Бұл нақты қолдауды, терең түсіністікті қажет етеді. Жаңа патенттік-лицензиялық саясатты жасау - технологияларды коммерциялық мақсатта пайдалану кезіндегі қарым-қатынасты реттеудің құралы. Ұлттық зерттеу университеті мәртебесі кәсіби кадрларға талапты күшейтеді.  Зияткерлік ғылым-білім саласында шетелдік профессураның қатысуы арқылы жаңа кадр саясатын жүзеге асыру елдің инновациялық даму факторын нығайтады», - деді ол.

Осы ретте университет басшысы білім ордасы аясында маркетинг бөлімі, HR -саясат, алыстан білім беру орталығы, әдістемелік кабинет, кәсіби бейімдеу және тестілеу орталығы және басқа да құрылымдар болатындығын және олар басқару және ұйымдық құрылымды ықшамдауға мүмкіндік беретіндігін баса айтты.

«Көлбеу басқару байланысы жетілдіреді. Бұл ретте әркімнің жеке жауапкершілігі кәсіби біліктіліктің өлшеміне айналады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеологиялық әрі практикалық бөліктері - университеттің білім беру саясатындағы шешуші бағдар. Ғылым, инновация, білім және әлеуметтік салалардағы жоспарларды дамыған инфрақұрылыммен ғана жүзеге асыра аламыз. Студенттердің әлеуметтік жағдайын жасау, олардың оқуы мен тұрмысына жайлы жағдай туғызу - маңызды міндетіміз. Осыған дейін де жүргізіліп келген «Студенттер үйлерін», жаңа оқу ғимараттарын салу, пайдалануға беру, инфрақұрылымды дамыту жұмыстарымызды одан әрі жалғастырамыз», - деді ол.

Сонымен қатар Ерлан Сыдықов Ұлттық биотехнология орталығын, ЭКСПО-ның қосалқы инфрақұрылымдық нысандарын университет балансына алу бойынша жұмыстар жүргізу, Ғылыми кітапхананы жаңа басымдықтар негізінде жаңғырту, ақпараттық-коммуникативтік технологияларды енгізу университеттің бірінші кезектегі міндеттері болатындығын баса айтты.

«Еуразия ұлттық университетін әрі қарай дамыту бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің назарына ұсыну үшін әзірленді», - деді Ерлан Сыдықов.