Еуразия ұлттық университетінде ғалым А.Хаджиевтың дәрісханасы ашылды
АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі ғалым, профессор Анвар Хаджиев атындағы дәрісхана ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
А.Хаджиев - ұзақ жылдар бойы аграралық, азаматтық және жер құқықтары бойынша толымды еңбектер жазып, еліміздегі заң білімін жетілдіруге үлкен үлес қосқан азамат. Оның бастамасымен 100-ге жуық зерттеу еңбектері жарыққа шықты. А.Хаджиевтың қатысуымен Жер және Экология кодекстері әзірленді. Өмірдің соңғы жылдары ғалым А.Хаджиев Еуразия ұлттық университетінің Заң факультетінде еңбек етті, осы жоғары оқу орнында Азаматтық-құқықтық кафедрасының негізін қалады. Сондай-ақ ол Мемлекеттік-құқықтық зерттеулер, заң жобаларын дайындау және сараптау институтының ашылуына мұрындық болды.
«Студенттік кезден бастап Анвар Хаджиев өзінің белсенді өмірлік ұстанымымен көзге түсті. Кез келген адаммен тіл табыса алатын, өз көзқарасын жүйелі түрде жеткізе білген, қарапайым мінезі бар ол бәрімізге жақын болды», - дейді А.Хаджиевтың досы Алмас Құдайбергенов.
Бүгін Анвар Хаджиев атындағы дәрісхананың ашылу рәсіміне ғалымның жұбайы мен ұлы, туған-туысқандары мен ауылдастары қатысты.