Еуразия ұлттық университетінде «Қазақ» газетінің 100 жылдығына арналған конференция өтеді

АСТАНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат - Ертең, 29 наурыз күні Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақ» газетінің 100 жылдығына арналған «Қазақстан-2050 стратегиясы: қазақ журналистикасының тарихы, бүгіні мен даму болашағы» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтеді.
None
None

Бұл шараны осы ұлттық университеттің журналистика және саясаттану факультеті ұйымдастырып отыр.

Конференция жұмысы журналистика тарихы мен теориясы, саясаттану, педагогика және психология, тарих, этнография, философия, әдебиеттану, тіл білімі сынды бағыттарда жүргізіледі.

Шараның басты мақсаты - «Қазақ» газетінің алғашқы санының шыққанына бір ғасыр толғанын, Алаш жұрты үшін қандай қызмет атқарғанын жеткізу. Алаш қозғалысының саяси ұстанымдарын жариялап тұрған басылымның ағартушылық рөл ғана емес, алғаш жарық көрген күнінен бастап қазақ даласының қоғамдық-саяси және мәдени өмірін жақсартуға қызмет еткенін паш ету. Сондай-ақ, Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген мәселелерге басымдық беріп, оның қазіргі қоғам үшін маңыздылығын көрсету.Сол арқылы қазақ журналистикасының өткен тарихы мен бүгінін салыстырып, келер болашағын саралау. Жақында ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Мұханбетқазыұлы атап өткендей, қазақ журналистикасының тарихи тәжірибесін талдай отырып, сапасын биік деңгейге көтеріп, бәсекеге қабілеттілігін арттыру - бүгінгі күннің басты талабы.

Шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілдері мен Қ.Сұлтанов бастаған бір топ депутаттық корпус өкілдері А.Смайыл, О.Асанғазықызы, БАҚ басшылары мен жетекші журналистер қатысады деп күтілуде. Жиында алаштың маңдайалды ғалымдары М.Қойгелдиев, Х.Әбжанов, Д.Қамзабекұлы, Қ.Сақ, Б.Жақып, Т.Жұртбай, А.Қырықбай, Қ.Атабаев, Ө.Әбдіманұлы, А.Шәріп, Б.Омаров секілді профессорлар баяндама жасайды.

Ғылыми-теориялық конференцияның екінші жартысы түстен кейін секциялық жұмыстарда жалғасын табады.

Соңғы жаңалықтар