Еуразия ұлттық университетінде көкпаршылар даярлау қолға алынбақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Б.Тілеухан Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықовпен кездесті. Оған мемлекеттік жаттықтырушы Р.Сәттібаев, Асылбек Избайыров бастаған мамандар мен ЕҰУ-нің дене шынықтыру кафедрасының оқытушылық-профессорлық құрамы қатысты.
Отырыста қаралған басты мәселе - Еуразия ұлттық университетінің қабырғасынан Ұлттық спорт түрлері бөлімшесін ашып, болашақ мамандар дайындау. Аталған бөлімше Ұлттық спорттың барлық түрлерін дамытуға атсалысатын болады. Айталық, бүгінгі таңда ұмытылып бара жатқан қолөнер шеберлерін дайындау, тоғызқұмалақ спортшыларын тәрбиелеу, құсбегілікті дәріптеу, қазақы құмай тазы баптаудың қыры мен сырына үйрету негізгі назарға алынады.
Сонымен қатар көкпаршылар дайындау, түйепалуан дәстүрін дүниеге паш ету, ұлттық спорттың өзге де түрлерінен оқушылар тәрбиелеп, болашақ мамандарын жетілдіріп шығару көзделмек, деп хабарлайды ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығынан. «Бүгінгі таңда Ұлттық спорттың қыр-сырын білетін мамандардың дерлігі жасы егде тартқандар. Осы тұрғыдан келгенде, өзекті мәселе - жас мамандар, төрешілер дайындау болып табылады. Оның үстіне, қазіргі таңда қарапайым ауыл жұртының санасында жоғары оқу орны бай-бағланның баласына бұйырған деген түсінік бар. Біздің мақсатымыз - ауылда өскен, ат құлағында ойнап, көкпар тартып, асау үйреткен қазақтың қарадомалақ баласын оқуға тарту, маман ретінде тәрбиелеу. Сонымен бірге олардың ақысыз оқуына жағдай жасау, мемлекеттен арнайы грант тағайындауға мұрындық болу», - дейді мемлекеттік жаттықтырушы Р.Сәттібаев.