Еуразия ұлттық университетінде «Күлтегін - 2010» мерекелік онкүндігін қорытындылауға арналған гала-концерт өтеді
АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат - Мамырдың 22-інде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Күлтегін - 2010» мерекелік онкүндігін қорытындылауға арналған гала-концерт өтеді.
Бұл ақпаратты аталған оқу орнының баспасөз орталығы таратып отыр.
«Бүгінгі таңда халқымыздың мәдени мұраларын қастерлеп, рухани құндылықтарын зерделеу тұрғысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасының ел өмірінде алар орны зор. Осы бағдарлама аясында Еуразия ұлттық университетінде Президенттің қатысуымен ашылған Күлтегін ескерткіші халқымыздың түркі дәуіріндегі тарихын зерттеп-зерделеуге мүмкіндік берді. Бүгінде аталған тарихи жәдігерге қашалып жазылған Күлтегін батырдың ерлік баяны университетте білім алып жүрген студент-жастар үшін патриотизмнің жарқын үлгісіне айналды. Сол себепті Еуразия ұлттық университеті құрылған күн «Күлтегін күні» деп аталды. Ал осы мейрам аясында өткізілетін мәдени-қоғамдық іс-шаралар жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуді көздейді», делінген баспасөз баянында.
Іс-шара аясында алғаш рет университет студенттері арасындағы «Ер жігіт - 2010» байқауы өткізіледі. Байқау барысында қатысушылар халқымыздың батыр тұлғаларын сомдап, өлең-жыр жолдарымен өздерін таныстыратын болады. Сондай-ақ спорттық сайыстар кезінде құралайды көзден атқан жігіттер садақ атып, кір тасын көтеруден күш сынаспақ. Ал дүбірлі доданың соңғы бәсекелерінде өз өнерлерін ортаға салмақ.
Сондай-ақ «Күлтегін-2010» мерекелік онкүндігі кезінде анықталған «Еуразия жұлдызы», «Еуразия мақтанышы» және «Еуразия болашағы» байқауларының жеңімпаздары марапатталады. Концертке белгілі эстрада жұлдыздары - Мәдина Сәдуақасова, Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбілдина және «Ұлытау» тобы қатысады деп күтілуде.