Eуразия ұлттық университетінде Наурыз мейрамы тойланып жатыр

АСТАНА. 26 наурыз. ҚазАқпарат/Айнұр Кенебаева/ - Бүгін Еуразия ұлттық университетінде Наурыз мейрамы салтанатты түрде атап өтілуде.

Eуразия ұлттық университетінде Наурыз мейрамы тойланып жатыр

Биылғы Наурызды мерекелеу шарасы өзінің ауқымдылығымен ерекшеленіп отыр. Көктемнің алғашқы шуағымен жарыса келетін Ұлыстың Ұлы күніне арналған арнайы бағдарламаны тамашалауға 800- ден астам адам жиылып, дала думаны университет қабырғаларында барлық сән-салтанатымен тойланып жатыр.

Дала дәстүрін жұртшылық назарына паш еткен мерекелік шараға белгілі депутаттар мен Сауд Арабиясы, Мысыр, Грузия, Палестина, Украина елінің, сондай-ақ басқа да мемлекеттердің төтенше және өкілетті елшілері қадірлі қонақ ретінде шақырылып, көшпелі өркениеттің мәдени болмыс-бітімімен, тарихи тыныс-тіршілігімен тереңірек танысуда.

Мерекелік думан аясында сурет көрмесі ұйымдастырылып, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді насихаттау мақсатында сахналық қойылымдар көрсетіліп, факультетаралық сайыстар шынайы қазақы үлгіде өткізіліп жатыр.

«Әз-Наурызды қазақ халқы Ұлыстың Ұлы күні деп айрықша ұлықтап, көктемді жаңару кезеңіне балаған. Наурыздың алғашқы шуағымен бірге елге құт, береке, ырыс қонады деп сенген. Ақсақалдар Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын деп ақ батасын берген. Сондықтан да биылғы Наурыз баршамызға ымыра -бірлік, ынтымақ пен бақ дарытсын», - деп құттықтады жиылған қауымды Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Әбдірайымов.