Еуразия ұлттық университетінде Олжас Сүлейменов дәріс оқыды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде айтулы ақын, белгілі саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов дәріс оқыды.
Бұл кездесуді ашқан ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов: «Тұңғыш Президент күнінен кейін университетімізде Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған іс-шаралар Олжас Омарұлының дәрісімен басталып отыр. Олжас Сүлейменов - ақын, ойшыл, ғалым, саясаткер. Ол әдебиетке ерекше дауыспен енді. Оның шығармалары әу бастан-ақ ұлттық әдеби құбылыстарға толы болды, сонымен қатар сөз қадірін түсінер жұрттың көңілінен шықты және бүгінге дейін сол деңгейін жоғалтқан жоқ», - дей келіп, сөз тізгінін ақынға берді. Ақын әңгімесін поэзиядан емес, дәріс оқудан бастады.
-Біз үшін бүгін тарихи күн, біз үшін Олжас Сүлейменовпен кездесіп, дәрісін тыңдау үлкен бақыт,- деді кездесуде сөз алған Еуразия ұлттық университетінің студенттері. Сөз арасында кештің жүргізушісі, публицист-ғалым Ғаділбек Шалахметов те Олжастың сонау «Жас тұлпар» ұйымында жүрген кездері мен одан кейінгі өмір жолдарынан сыр шертіп қана қоймай, оның өлеңдері қазақ халқының талай ғасырлық мұңы мен қуанышын, сыры мен сипатын айғақтайтынын, ақынның жырын оқып отырып бір ұлттың сан ғасырлық салихалы тарихын аралағандай болатыныңызды, немесе Семей ядролық сынақ полигонын жабудағы сіңірген еңбегі жайлы жан-жақты жеткізді.
Олжас тілтанушы ретінде көне түркі тілін зерттеді, әсіресе шумерлер және шумер тілі туралы еңбектері батыс ғалымдарының көне тіл үнді-еуропа тілдерінен бастау алады дейтін қасаң теориясына пәрменді соққы берді.
Ақын өткізген дәрістің 1975 жылы жарық көрген «Аз и Я», жазу мен таңбаның тарихы туралы «1001 сөз», «Жазу тілі», «Тaрихқа дейінгі түркілер», тіпті Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты мен ЮНЕСКО жайлы тәлімі мол болды.
Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы, Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығы, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығы, Қазақстанның Халық жазушысы атағы, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегерінен дәріс тыңдаған студенттер жүректеріне от тұтана келіп, Олжас ағаларының өлеңін алма- кезек оқыды. «Тұлпардың дүбірі жатқан құлынды оятады» дегендей, Олжас Омарұлы да «сабақтың» уақыты бітіп қалғанына қарамастан, сағынып қалған оқырмандарына жыр арнады, деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметінен.