Еуразия ұлттық университетіне оқуға түскен 3075 студенттің 906-сы «Алтын белгі» иегері

АСТАНА. 18 тамыз. ҚазАқпарат - 2011-2012 оқу жылында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақстандық ЖОО арасында оқуға түскен грант иегерлері мен «Алтын белгі» иегерлерінің саны бойынша алғаш рет көш бастады.

Еуразия ұлттық университетіне оқуға түскен 3075 студенттің 906-сы «Алтын белгі» иегері

Грант иегерлерінің оқу орнын таңдауы бойынша ІІ орында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (2925), ІІІ орында Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті (2344), ІV орында 2342 студентпен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті болса, V орында 1165 студентпен Қарағанды мемлекеттік медицина университеті.

Бірінші орынға шығып отырған Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін оқуға түсушілердің 3075-і таңдаған. Оның ішінде 906-сы «Алтын белгі» иегері, 132-сі республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздары. «Алтын белгі» иегерлері мен республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздарының басым бөлігі Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің заң, экономика, физика-техника және филология факультеттерінің студенті атанды.

Өткен 2010-2011 оқу жылында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ге мемлекеттік білім грантын иеленген 2116 талапкер оқуға қабылданған болатын. Оның 610-ы «Алтын белгі» иегері, 130-ы республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздары болған еді. Осы екі жылдық көрсеткіштерді салыстырар болсақ, жыл өткен сайын Еуразия ұлттық университетіне таңдау жасайтын талапкерлер көрсеткіші айтарлықтай жоғарылап отыр.