Еуразия ұлттық университетінің студенттер үйінде «Тіл - тұтастық туы» атты мәдени шара өтті
ТАНА. 5 қазан. ҚазАқпарат /Сайлау Абылаев/ - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің №5 студенттік үйінің конференц-залында «Тіл - тұтастық туы» атты салтанатты кеш өтті.
Бұл шара оқу орнының студенттік үйлері әкімшілігінің Қазақстан халқының Тілдері күні апталығы аясында ұйымдастырылды.
Жиында сөз алған студенттер үйі әкімшілігінің директоры И.В.Несен мемлекеттік тілдің еліміз халықтарын топтастырудағы зор маңызына тоқтала келіп, бүгінде білімді жастар үш тұғырлы тіл бағдарламасын жүзеге асыруға белсене қатысуы тиіс екенін атап өтті.
Студент Севар Забрудин жиналғандарды алты тілде құттықтап сөз сөйледі. Салтанатты шара көркемөнерпаздардың концертіне ұласты. Ажар Ошанова «Қорқыт-қобыз» әнін шырқатса, Ербол Ержанов «Адай» күйін күмбірлетті, ал Сайран Рақымжанов «Цвети, земля» әнін орыс тілінде нақышына келтіре орындап, тыңдаушылардың ризашылығына бөленді. Нәйля Таңат итальян тілінде ән салса, Еңлік Берік қазақ және өзбек билерін дөңгелене биледі.
Көңілді кеште арнайы кітаптар көрмесі ашылды, шара соң жастар дискотекасымен аяқталды.
Студенттер үйінің педагог-ұйымдастырушысы Балкүміс Батырханованың айтуынша, жастардың бос уақыттарын мәнді өткізуге арналған осындай қоғамдық шаралар одан әрі жалғасын таппақ. Бұл іске студенттер үйінің қоғамдық құрылымдары да белсене қатысатын болады.