«Еуразия университеті» газетіне ? 5 жыл

АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен оқытушыларына арналған «Еуразия университеті» газетіне 5 жыл толып отыр.

«Еуразия университеті» газетіне ? 5 жыл
Осыған орай аталған басылымның бас редакторы Кенже Жұмағұлов пен бірқатар журналистер «Еуразия университеті» газетінің мазмұндық сапасын арттыруға қосқан үлесі мен қызметтегі жоғары жетістіктері үшін алғыс хаттармен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.2004 жылы сәуірдің 30-ынан бастап шығып келе жатқан «Еуразия университеті» газеті бүгінде еліміздің іргелі білім ордасы ? Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қоғамдық-мәдени өмірінің жаршысы әрі студенттер мен оқытушылардың білім-ғылым саласындағы жетістіктерін жан-жақты танытатын басылымдардың біріне айналды. Газет беттерінде студент-жастардың өмірі, жас ғалымдар мен профессорлардың ғылыми еңбектері, сондай-ақ университет аясында өтіп жатқан сан алуан мәдени-қоғамдық іс-шаралар туралы хабарлар, көлемді мақалалар мен келелі сұхбаттар жарияланады. Сондай-ақ Еуразия ұлттық университетінің халықаралық білім саласындағы жетістіктері осы басылымда үнемі көрініс тауып тұрады. Биылдан бастап К. Жұмағұловтың жетекшілігімен «Еуразия университеті» газеті жаңа үлгіде шыға бастады. Басылым бір айда екі рет шығып, оның беттік құрылымы толығымен өзгертілді. Осының арқасында университет газетіне деген жаңаша көзқарас қалыптасып, оқытушылар мен студенттер газетті даярлау ісіне белсенді түрде қатыса бастады. «Біздің алдымызда әлі талай белестер бар. Біз өмірде жинаған кәсіби тәжірибемізді қолдана отырып, осы белестерден сүрінбей өтуге міндеттіміз», - дейді газеттің бас редакторы.