Еуразия университеті ЖОО-лар рейтингісінде көш бастады

АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының жыл сайынғы рейтингісі жарияланды.

Еуразия университеті ЖОО-лар рейтингісінде көш бастады

Рейтингті жүргізген -Білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі Қазақстанның тәуелсіз агенттігі.

Агенттік басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шолпан Қаланова: «Үздік жоғары оқу орындарының бас рейтингі - отандық университеттердің бәсекеге қабілетті болуы мен қызмет сапасын арттыратын маңызды қадам», - дейді.

Рейтингке республикалық 65 ЖОО енді. Оған көпсалалы - 19, техникалық - 14, гуманитарлық-техникалық - 15, медициналық - 6, педагогикалық - 9, өнер бағытындағы - 3 университет пен институт қатысты (www. nkaoko.kz/ reiting).

Рейтинг сауалнамасына Парламент депутаттары, атқарушы және заң шығарушы билік өкілдері, орталық қалалар мен облыстардағы ғалымдар, білім, мәдениет, денсаулық сақтау мамандары мен түрлі компаниялар қызметкерлері қатысты.

ЖОО-лар 6 көрсеткіш бойынша бағаланды. Олардың ішінде оқытушылар мен студенттердің ғылыми деңгейі, шетелдерде мақалалардың жариялануы, әлемдік Webometrics сынды сайттарда көрінуі секілді талаптар бар.

Қазақстанның көпсалалы университеттері арасында бірінші орынды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті иеленді. ЕҰУ-дан кейінгі орындарда сәйкесінше Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті тұр.