Еуразия университетінде Мәжіліс жанындағы Қоғамдық Палата мүшелері «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасын талқыға салады
АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Сәрсенбі, 14 қыркүйек күні Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің бас ғимаратында ҚР Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық Палатаның отырысы өтеді.
Басқосуда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасы талқыға салынады.
Аталған заң жобасы бойынша ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Лама Шариф Қайрат Қайырбекұлы баяндама жасайды деп күтілуде.
Сондай-ақ Мәжіліс жанындағы Қоғамдық Палатаның мүшелері Камал Бұрханов, Алтыншаш Жағанова, Оразалы Сәбден және Досмаханбет Көшімнің күн тәртібіндегі мәселе төңірегінде сөз сөйлейтіні қарастырылған.
Сонымен қатар отырыста «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы»заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Рамазан Сәрпековтің сөз сөйлейтіні жоспарлануда.
Отырысқа қатысушылар пікір алмасқан соң, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы»заң жобасы бойынша Қоғамдық Палатаның қорытындысы қабылданбақ.
Бұл кеңес Мәжіліс Төрағасының орынбасары, Қоғамдық Палатаның төрағасы Владимир Бобровтың жетекшілік етуімен өтеді.
Айта кету керек, 8 қыркүйек күні Мәжілісте «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасының таныстырылымы болып өтті. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да таныстырылды.
Аталған заң жобасы қоғамдық және діни мүдделердің тепе-теңдігін сақтауға бағытталған. Діни сенім бостандығы саласындағы мемлекеттік саясаттың үш негізгі қағидаттарын айрықша бөліп көрсету керек, олар - бейтараптық, толеранттылық және теңдік. Бұл ретте ең басты мәселе мемлекеттің діни бірлестіктердің ішкі істеріне араласпау жөніндегі бейтараптығы болып табылады. Толеранттылық қағидаты діни сенімдерге деген құрметті білдіреді. Теңдік қағидаты барлық діни бірлестіктердің және әртүрлі діни сенім өкілдерінің заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етеді.
Отырыстың күн тәртібіне сәйкес қаралатын екінші мәселе бар. Ол - 2011 жылдың қыркүйегі мен 2012 жылдың маусым айлары аралығын қамтитын ҚР Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық Палатаның бесінші сессияға арналған жоспары.