Еуразия университетінің Ғылыми кеңесінде қазақ тілінде жарық көрген оқулықтардың таныстырылымы өтеді

Бұл ақпаратты аталған білім ошағының баспасөз орталығы таратып отыр.
Қазақ тіліндегі оқулықтарды шығару мәселесі отандық білім беру саласының өзекті проблемаларының бірі болып табылады. Себебі еліміздің жоғары оқу орындарындағы қазақ бөлімінде оқитын студент-жастардың саны 48 пайыз болса, олардың қазақ тіліндегі оқулықтармен қамтылу деңгейі тек 23 пайызды ғана құрап отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған мәселеге ерекше көңіл бөліп, мемлекеттік тілдегі сапалы оқулықтарды шығару жұмысын отандық білім мен ғылым саласын дамытудың негізгі бағыты ретінде анықтаған болатын. Осыған орай Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Б.Әбдірайымның бастамасымен университет жанындағы баспаханадан мемлекеттік тілдегі оқулықтарды шығару жұмысы қолға алынды.
Ғылыми кеңесінің ұйғаруымен ағымдағы оқу жылының өзінде қазақ тіліндегі 20-ға жуық оқулықтар жарыққа шықты. Осы еңбектердің авторларына оқулықтың әрбір баспа табағы (16 бет) үшін 6-20 мыңға теңгеге дейін қаламақы төленеді. 2010 жылдың аяғына дейін Еуразия ұлттық университетінің баспасынан қазақ тіліндегі тағы 10 оқулықты шығару жоспарда бар. Бұл жұмыс мемлекеттік тапсырыстан бөлек университеттің жеке қаржысы есебінен атқарылуда. Аталған бастама өз кезегінде қазақстандық ғалымдардың ғылыми еңбектерін кеңінен насихаттауға жол ашып қана қоймай, еліміздің білім мен ғылым саласына қосқан үлкен үлес болып табылады.