Еуразия университетінің студенттері қайырымдылық шарасын өткізді
АСТАНА. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Еуразия ұлттық университетінің Жаратылыстану-ғылыми факультетінде қайырымдылық шарасы болып өтті.
Бұл шара «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Аялы алақан» бағдарламасынан жәрдем сұраған жандарды қолдауға арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Жаратылыстану-ғылыми факультетінің деканы Найля Шәпекова мен аға оқытушы Майра Мәкенованың ұйымдастыруымен биотехнология бөлімінде оқитын ІІ курс студенттері тәтті тағамдардан жәрмеңке өткізді. Дастарханға қойылған әр түрлі тағамдарды университет ұстаздары мен студенттер және оқу орнының асханасындағы аспазшылар сатып алды. Тағам өнімдерін дайындап, осы шараға атсалысқан биотехнология тобының қыздарына ұстаздар ризашылықтарын білдірді.Жәрмеңке аяқталысымен ұйымдастырушылар Алматы қаласындағы «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Аялы алақан» бағдарламасына телефон шалып, жәрдем сұраған жандар үшін жиналған 24 мың теңге қаржының есеп-шотқа аударылатынын мәлім етті.