Еуразиялық даму банкі Қазақстан экономикасына 5,2 млрд доллар инвестиция салды

АСТАНА. KAZINFORM — Әртүрлі нысанда және әртүрлі мерзімге тартылатын инвестициялар Қазақстан экономикасын сапалы трансформациялауға жағдай жасайды. Бұл туралы Еуразиялық даму банкінің интеграциялық зерттеулер орталығының басшысы Александр Забоев ITS IDEAS 2026: Markets in Motion конференциясында мәлімдеді.

инвестиции
Коллаж: Kazinform

— Қаражат экономикаға әртүрлі нысанда, әртүрлі мерзімге келеді, оның ішінде ұзақ мерзімді қаражаттар да бар. Соған қарамастан, мұның бәрі бұрынғы өңірді, соның ішінде Қазақстанды сапалы трансформациялауға жағдай жасайды, — деді Александр Забоев.

Оның айтуынша, Қазақстан біртіндеп капитал, сауда және көлік тоғысына айналып келеді. Сонымен қатар өңірдегі тікелей шетелдік инвестициялардың құрылымы да өзгеріп жатыр. Инвестициялар бұрынғыдай тек шикізат секторына емес, өңдеу өнеркәсібіне, электр энергетикасына, көлік және агроөнеркәсіптік кешендерге бағыттала бастады.

— ТМД кеңістігіндегі инвестициялар аясында ғана емес, Азия елдерінен Орталық Азияға және әлемнің басқа өңірлерінен келетін инвестициялар аясында да болып жатқан өте маңызды іргелі өзгеріс, — деп атап өтті ол.

Забоевтің айтуынша, Еуразиялық даму банкі 2022-2026 жылдарға арналған стратегиясын іске асыру аясында банк мүше мемлекеттердің экономикасына 9,2 млрд доллар инвестиция салған. Оның 5,2 млрд доллары Қазақстан экономикасына бағытталған.

Сонымен қатар Қазақстан Орталық Азиядағы шетелдік инвестициялар ағынының негізгі нүктесі болып қала береді. Өңірдегі барлық инвестициялар өсімінің 55%-ы Қазақстанның үлесіне тиесілі.