Еуразиялық қаржы компаниясының корпоративтік басқару жүйесінен кемшіліктер табылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов «Еуразиялық банкке» қатысты жағдайға түсінік берді.

аудит
Фото: freepik

Оның айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік қолдау қаражаты бар үш банк қана қалған, соның бірі – «Еуразиялық банк».

– Еуразиялық қаржы компаниясы (ЕҚК) «Еуразиялық банктің» банктік холдингі. Өткен жылы аталған қаржы институтында корпоративтік дау орын алды. Осыған байланысты біз тексеру жүргіздік. Нәтижесінде ЕҚК-ның корпоративтік басқару жүйесінде бірқатар кемшіліктер анықталды, – деді Олжас Қизатов.

Ол тексеру қорытындысы бойынша ЕҚК-мен қадағалау шараларының жоспары бекітілгенін атап өтті.

– Қазіргі уақытта ЕҚК анықталған заңнамалық сипаттағы кемшіліктерді жою бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл мәселелер корпоративтік дауға негіз болған, – деді ол.

Сондай-ақ, агенттік өкілі жақында қабылданған шаралардың бірі ретінде Александр Машкевичтің жұбайы мен қыздарына ірі қатысушы мәртебесі берілгенін айтты. 

– Осылайша, акционерлерінің құрамы толық қалыптасты. Акционерлер арасындағы барлық келіспеушіліктер жақын уақытта реттеледі деп күтеміз, – деді Олжас Қизатов.

Бұған дейін Президент ірі банктерді талапты орындамай отырғаны үшін сынға алған еді.