Еуразиялық қор Қазақстан мүддесіндегі жобаларға 500 млн доллар бөлуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры (ЕТДҚ) Қазақстан мүддесіне қызмет ететін жобаларға шамамен 500 млн доллар бөлуді қарастырып жатыр. Бұл жобалар елімізде емес, өңірдегі басқа мемлекеттерде жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл туралы қордың басқарушы директоры Ярослав Мандрон Астанада өткен «Теңгерімді экономикалық дамуға бастар жол» халықаралық конференциясының кулуарында мәлімдеді.
Ярослав Мандронның айтуынша, қазір қор Қазақстанмен ынтымақтастық стратегиясын талқылап жатыр. Құжатты желтоқсанда ЕТДҚ-ға мүше елдердің қаржы министрлерінің кездесуінде бекіту жоспарланып отыр.
– Біз Қазақстан мүддесіне қызмет ететін жобаларға шамамен 500 миллион доллар бөлгіміз келеді. Алайда бұл қаржы елімізде емес, Қырғызстан, Тәжікстан және Арменияда жүзеге асырылатын жобаларға жұмсалмақ, – деді ол.
Оның түсіндіруінше, Қазақстан мен Ресей – қордың донор елдері. Сондықтан ЕТДҚ Қазақстанның өңірдегі мүдделерін басқа мемлекеттердегі жобалар арқылы қолдау мүмкіндігін қарастырып отыр.
Қор энергетика, су ресурстары мен көлік салаларына басымдық бермек. Энергетикада су электр станцияларын дамытуға, ал су саласында ауыл шаруашылығының суға деген сұранысын өтеуге және халықты таза ауызсумен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінбек.
Маңызды жобалардың бірі – Қырғызстандағы Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысы. Жоба станцияның өзімен қатар оған қажетті инфрақұрылымды дамытуды да қамтиды.
Қор Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Дүниежүзілік банк сияқты халықаралық серіктестермен бірге жобаны қаржыландыру тетігін әзірлеуді көздеп отыр
Ярослав Мандрон қордың мүше елдерге қолдау көрсету тәсілін өзгерту жоспарына да тоқталды. Оның айтуынша, алдағы бірнеше жылда күрделі дағдарыс қаупі болмаса, қор ықтимал тәуекелдерді ерте анықтап, олардың алдын алуға көбірек көңіл бөлмек.
– Біздің міндетіміз – алдағы жылдары туындауы мүмкін қолайсыз факторларды алдын ала болжауға көмектесу және елдермен бірлесіп тиісті тетіктерді әзірлеу. Бұл ең алдымен экономиканың қол жеткізген өсу қарқынын сақтап, көрсеткіштердің күрт құбылуына жол бермеу үшін қажет, – деді ол.
Басқарушы директордың сөзінше, бұл жұмыста техникалық қолдау маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, мамандарды тарту, зерттеулер жүргізу және мүше елдермен бірлесіп қажетті модельдер әзірлеу көзделген.
Бұған дейін Еуразиялық экономикалық комиссия мен Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын хабарлаған едік.