11:34, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Еуразиялық даму банкі мен Шешенстан Республикасының арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды
АЛМАТЫ. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат – Басқарма төрағасы Игорь Финогенов бастаған Еуразиялық даму банкінің делегациясы Шешенстан Республикасында сапармен болып, ел үкіметімен жұмыс бабындағы кездесулер өткізіп қайтты.

И.Финогенов пен Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың кездесуінің қорытындысы бойынша Еуразиялық даму банкі мен Шешенстан Республикасының арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Келіссөзде инвестиция тарту, республика аумағында экономикалық жобаларды жүзеге асыру аясында банк пен Шешенстанның арасындағы серіктестік қарым-қатынастарды дамытудың бағыт-бағдарлары талқыланды. Шешенстан Үкіметі өз кезегінде, бірқатар басымдықты инвестициялық жобаларды таныстырды. Еуразиялық Даму банкі - қатысушы мемлекеттердің нарықтық экономикасын дамытуға, олардың экономикалық өсуі мен өзара сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге қолдау көрсету мақсатында 2006 жылдың қаңтар айында Ресей мен Қазақстан құрған халықаралық қаржылық ұйым. Банктің жарғылық капиталы 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайды.