Еуразиялық даму банкіне санкция салынған жоқ - Мәлімдеме

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еуразиялық даму банкінің баспасөз қызметі санкцияларға байланысты қаражатты бұғаттау жөніндегі ақпаратқа пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

«9 айдан астам уақыт бұрын, 2022 жылдың маусымында Еуропалық Одақ Ұлттық есеп айырысу депозитарийіне (ҰЕД) қарсы бұғаттау санкцияларын енгізді. Нәтижесінде Euroclear (Бельгия) ҰЕД қаражатын бұғаттады.

Санкцияға ұшыраған ҰЕД қаражатын бұғаттау салдарынан ҰЕД шоттарындағы әртүрлі шетелдік компаниялар мен ұйымдардың қаражаты да бұғатталды. Бұл бүкіл әлем бойынша 5 миллионнан астам жеке және институционалды инвесторларға әсер етті. Олардың қатарында ҰЕД-да шоты бар Еуразиялық Даму Банкі (ЕАДБ) де болды. Өз кезегінде ҰЕД бұл қаражатты Euroclear-да сақтаған», - деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.

2022 жылдың желтоқсанында бельгиялық реттеуші органдар санкция салынбаған адамдар мен ұйымдардың Euroclear тарапынан ҰЕД бұғаттау нәтижесінде тыйым салынған қаражатын босату туралы өтініш беру тәртібін жариялады.

«2023 жылы 7 қаңтарда ЕАДБ халықаралық қаржы ұйымы және санкцияланбаған тұлға ретінде бельгиялық реттеуші органдарға осы процедура бойынша қаражатты бұғаттан босату туралы өтініш берді. Процедураларға сәйкес, бельгиялық реттеуші органдармен қаражатты бұғаттан шығару тәртібі мен шарттары туралы келіссөздер жүріп жатыр», - деп толықтырды ЕАДБ.

2022 жылдың қорытындысы бойынша ЕАДБ барлық жоспарлы көрсеткіштерді асыра орындаған. Қазақстанға инвестиция көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 5 есеге ұлғайып, 1,2 млрд АҚШ долларына жеткен.

Бұған дейін кейбір БАҚ Еуропалық одақтың Ресейге қарсы санкциялар аясында ЕАДБ қаражатын бұғаттағанын хабарлаған еді.

Айта кетейік, Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ)— еуразиялық кеңістікте инвестициялық қызметті жүргізетін халықаралық қаржы ұйымы. 17 жылдан астам уақыт бойы ЕАДБ экономикалық байланыстарды нығайтуға және кеңейтуге және қатысушы елдердің – Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның жан-жақты дамуына жәрдемдесіп келеді.

ЕАДБ жарғылық капиталы 7 млрд АҚШ долларын құрайды. ЕАДБ портфеліндегі негізгі үлес көлік инфрақұрылымы, цифрлық жүйелер, «жасыл» энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және машина жасау салаларындағы интеграциялық әсері бар жобаларға тиесілі. Банк өз қызметінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын және ESG қағидаттарын басшылыққа алады.


Соңғы жаңалықтар
Референдум