Еуразиялық даму банкінің Ресейге тиесілі үлесін сатып алуға 20 млрд теңге жұмсалады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Еуразиялық даму банкінің Ресейге тиесілі үлесін сатып алуға қанша қаражат керек екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдері Қаржы министрінен Еуразиялық даму банкінің Ресейге тиесілі үлесін сатып алу мәселесі туралы сұрады. Вице-премьердің сөзіне қарағанда, аталған мәселе туралы келісім биыл ратификациялануы керек. Соның негізінде төлем 2024 жылы аударылмақ.

«Есеп жүргізіп болғаннан сәтте-ақ сіздерге айтуға уәде берген едік. Бірақ бұл қаражат 2023 жылдың емес 2024 жылдың бюджетімен байланысты. Сомасы шамамен 20 млрд теңгеге жуық. Бұл бүкіл акция пакеті. Ал жылдарға бөлсек, жыл сайын 5 млрд теңгеден. Бірақ біз республикалық бюджетке салмақ түспеу үшін біз 3-4 жылға бөліп тастадық», - деді Ерұлан Жамаубаев.

16 қаңтарда Еуразиялық даму банкінің кеңесі 2022 жылғы 30 желтоқсанда қатысушы мемлекеттер арасында Банктің жарғылық капиталын қайта бөлуді бірауыздан мақұлдағаны белгілі болды.

Банктің Ресей Федерациясына тиесілі 321 151 акция пакетінің бір бөлігі басқа қатысушы мемлекеттер арасында біркелкі бөлінеді.


Соңғы жаңалықтар