Еуразиялық кеңістіктегі міндеттерді күш-жігерді біріктіріп қана шеше аламыз – Андрей Данко
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуразиялық кеңістіктегі мемлекеттер алдындағы міндеттерді күш-жігерді біріктіру арқылы ғана шешуге болады. Бұл туралы бүгін Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV Кеңесінде Словакия Ұлттық кеңесінің төрағасы Андрей Данко айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Парламентаралық кеңес Еуропа мен Азия арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылауға үлкен мүмкіндік береді. Осынау геосаяси кеңістіктегі даму әлемдік қоғамдастыққа түбегейлі әсерін тигізеді. Сондықтан да біздің тұрақты кездесулеріміз барынша маңызды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, Еуразия елдері парламенттері төрағаларының Кеңесі жылдан жылға беделге ие болып келеді. Оған Мәскеуде өткен алғашқы жиынға 19 елден, ал бүгінгі Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан форумға 65 елден Парламент делегаттарының келуі дәлел бола алады.
«Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық интеграция бастамасын көтергеніне 25 жыл толып отырғандығын еске салып өткім келеді. Еуразиялық кеңістегі мемлекеттердің алдында көптеген міндет тұр. Оны біз тек күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана шеше аламыз. Олардың қатарында экономикалық ынтымақтастық және даму, өңірдегі қауіпсіздік және тұрақтылық сынды мәселелер бар. Халықаралық ынтымақтастық, оның ішінде ұлттық парламенттердің ынтымақтастығы бұл проблемаларды шешудің негізгі шарты саналады», - деді Андрей Данко.