16:21, 02 Желтоқсан 2009 | GMT +5
«Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасында кезекті астық саудасы өтті
АЛМАТЫ. Желтоқсанның 2-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін «Еуразиялық сауда жүйесі» (ЕСЖ) тауар биржасында 3, 4 сыныпты астықтың фьючерстік келісімшарттары үшін кезекті саудасы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ЕСЖ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Күндізгі сессияның қорытындысы бойынша 3-ші сыныпты астық бойынша, желтоқсан, 2010 жылдың қаңтар, ақпан айларында орындалуы тиіс 52 тасымалдық фьючерстік келісімшарт жасалды. Желтоқсанда орындалуы тиіс фьючерстік келісімнің бастапқы бағасы астықтың тоннасына 14 500 теңге болған, сауда аяқталғандағы құны 14 300 теңгені құрады. 2010 жылдың қаңтарында орындалатын фьючерстік келісім бойынша астықтың тоннасы 14 250 теңге болған еді, сауда аяқталғанда ол өзгеріссіз қалды. Ақпан айындағы фьючерс бағасы тоннасына 13 мың теңге болып, сессияның жабылуы кезінде 12 700 теңгені құрады. Күндізгі сессияның ақша айналымы 47 миллион 424 мың теңгені құрады.