«Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасында сәуір айынан бастап майлы дақылдардың да сауда-саттығы жүргізілмек
АЛМАТЫ. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыдағы «Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасында сәуір айынан бастап Қазақстан аумағында өсірілген майлы дақылдар да саудалана бастайды. Оны тауар биржасының басқарма төрағасы Құрмет Оразаев бүгін бидаймен жасалған алғашқы сауда-саттықтың ашылуы кезінде айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасындағы сауда-саттықта бидайдың алғашқы тауар болуына нарыққа қатысушылардың қызығушылығы түрткі болды. Енді сәуір айынан бастап ұн, өсімдік майы және тағы басқалар да саудалана бастайды. Жақын арада жанар-жағар май материалдарын сататын екінші секция ашылады. Ал төртінші тоқсанда қара және түсті металл және алтынға фьючерстік сауда-саттықты, сондай-ақ қор индексінің валюталық бағамы бойынша фьючерстік келісім-шарт есебін жоспарлап отырмыз», - дейді «Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасы» АҚ-ның Басқарма төрағасы Қ Оразаев. Оның айтуынша, үшінші тоқсанның соңына дейін биржа аясында аукциондық алаң жасалып, іске қосылмақ. Онда биржалық емес тауарлардың сауда-саттығы ұйымдастырылады. Ол ең алдымен қолданыстағы заң аясында мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға арналып отыр. Бүгінгі таңда «Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасы алаңы қазіргі таңда сатушылар мен сатып алушыларды және делдалдарды біріктіріп, сауда тәртібін жетілдіруде.