«Еуразиялық технологиялық платформа» консорциумының төрағасы сайланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Қазақстанда ғарыш күндері-2016» халықаралық семинарының аясында «Еуразиялық технологиялық платформа «Ғарыш және геоақпараттық технологиялар - жаһандық бәсекеге қабілеттілік өнімдері» консорциумына қатысушылардың жалпы жиналысы өтті, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Консорциум 2016 жылғы 26 мамырда қазақстандық «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ, «Алматы энергетика және байланыс университеті» мен ресейлік «Халықаралық ғарыш технологиясы» ЖАҚ, «Совзонд» компаниясы» ААҚ, М.В. Ломоносов атындағы ММУ Ғылыми саясат және ғылыми зерттеулер ұйымы басқармасы, сондай-ақ Беларусь Республикасы «Геоақпараттық жүйелер» ұлттық ғылым академиясы, Беларусь мемлекеттік университеті арасындағы келісім негізінде құрылды.
Консорциум қатысушылары атап өткендей, оның негізгі мақсаты - бірыңғай коммуникация ортасын қалыптастыру, кеңістіктік деректер және жерді қашықтан зондтау технологиясы негізінде геоинформатика және сервистер саласындағы бағдарламалық өнімдер құру, шешімдер қабылдауды қолдау үшін талдау ақпараттарын алу. Консорциум қатысушылары Астанада кездесу уақытында консорциумның бірлескен жобалар тізбесі мен жұмыс жоспарларын талқылады, сондай-ақ 2016-2017 жылдарға арналған Консорциум кеңесін құрды.
Жалпы жиналыс қорытындысы бойынша Консорциум төрағасы болып «Халықаралық ғарыш технологиялары» ЖАҚ бас директоры Андрей Данелян сайланды. Данелян атап өткендей, еуропалық және ресейлік технологиялық платформаларға жүргізілген талдау мұндай аспаптың Бірыңғай экономикалық кеңістік аумағында орынды екенін көрсетті.
Осыған байланысты ЕТП (Армения Республикасы Экономика министрлігі, Беларусь Республикасы Мемлекеттік ғылым және технологиялар комитеті, Қазақстан Республикасы Инвестиция және даму министрлігі, Қырғыз Республикасы Экономика министрлігі және Ресей Федерациясы Экономикалық даму министрлігі) қалыптастыруды үйлестіруге жауапты ұлттық органдар айқындалды.