«Еуразиялық» ЖЗҚ өткен 9 айдың қорытындысын жариялады

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 27-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Өткен 9 айдың қорытындысы бойынша «Еуразиялық жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ зейнетақы қорлары арасында кіріс жөнінен көшбасшы болды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында қордың басқарма төрағасы Татьяна Медведева айтты.

«Еуразиялық» ЖЗҚ өткен 9 айдың қорытындысын жариялады

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында салымшылардың зейнетақы шоттарына 5 369,194 млн. теңге көлемінде инвестициялық кіріс аударылған. Бұл өткен жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда 71,3 пайызға жоғары. 9 айда 1 000 теңгелік зейнетақы активіне қосылған инвестициялық кіріс көлемі 81,8 теңгені құраған. Бұл зейнетақы нарығындағы орташа зейнетақы кірісінен 2 есе жоғары. Көрсеткіш «Еуразиялық» ЖЗҚ-да 7,54 пайыз, нарықтағы орташа көрсеткіш 4,54 пайыз

«Өткен 9 айда қордың жалпы кірісі 418,953 млн.теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы мерзіміне қарағанда 69 пайызға жоғары. Бұл пайданың басым бөлігі жеке капиталды ұлғайтуға бағытталды. Ағымдағы жылдың 1- қазанындағы есеп бойынша жеке капиталдың көлемі 3 179,609 млн. теңгені құрады»,- деді Т.Медведева. Қордың басқарма төрағасының айтуынша, қор өткен 9 айда зейнетақы жасына жеткен тұлғаларға 1,3 миллиард теңге төлем жасаған.